Сингапур президенті Назарбаев университетінде дәріс оқыды
Сингапур президентіне, Назарбаев университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Халима Якоб жоғары оқу орнына арнайы барып дәріс оқыды.
Президент дәрісінің тақырыбы - «Арыстан қаласынан Ұлы далаға дейін» деп аталды. Халима Якоб гендерлік теңдік, отбасы құңдылығы, дін және білім тақырыбында ойын ортаға салды. Сосын Қазақстан мен Сингапур студенттерінің екі елде де білім алып, тәжірибе алмасуын қолдайтынын атап өтті. Назарбаев Университеті мен Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебі арасында «Ынтымақтастық туралы» келісім бар. Сингапурдың мемлекеттік саясат мектебі Назарбаев Университетінің стратегиялық серіктесі.
Халима Якоб, Сингапур Республикасының Президенті:
- Біз дамуға ұмтылып жатырмыз. Сондай-ақ өсімі жоғары аймақ құруды көздеп отырмыз. Елдер үлкен болсын, кіші болсын, бәрінің құқы бірдей. Ал Қазақстан мен Сингапурдың өзіндік ұқсастығы бар. Мен өзіме жақын үш сала бойынша пікір білдіргім келеді. Біріншісі – білім. Сингапур адами капиталды дамытуға бағытталған ресурстарды инвестициялайды. Біз жан-жақты оқыту ісін қолға алдық. Екіншісі - халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау. Тағы бір бағыт - мектептерде инклюзивті білім беруді дамыту.