Медицина студенттері халықаралық оқу орындарында тәжірибе жинай алады
Енді сәл шыдасақ біздің дәрігерлер Америкадағыдай науқасты қабылдап, ем-дом жасайды деген үміт бар. Неге десеңіз, елімізде медицина саласында оқып жатқан студенттер енді шетелге барып, халықаралық озық оқу орындарында тәжірибе жинай алады. Елордада өткен жиынға қатысқан Түрік, Иран, Қатар, АҚШ-тан келген мамандар мен онлайн қатысқан 100-ге жуық шетелдік ғалымдардың бұл ортақ мәмілесі. Нәтижесінде, интеграцияланған академиялық жүйе қалыптасады. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, онкология, жүрек-қан тамыр аурулары, ана мен бала денсаулығы, неврология мен неврохирургияны зерттеуді тереңдете түсетін қазақстандық ғалымдардың саны артады.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- Алматыда, Шымкентте, Қарағандыда, басқа да медициналық университеті бар жерлерде осындай жүйе құрылатын болады. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – дүниежүзілік ең жоғарғы технологияларды пайдалана отырып, жаңа ғылым, жаңа қажетті емдеу тәсілдерін тауып, практикаға енгізу болып табылады.