Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілді
Оңтүстік өңірде мектеп тапшы. Шымкентте жаңа оқу жылына дейін 18 мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.Нәтижесінде үш ауысымда білім беру ұйымдарының мәселесі шешіледі. Ол үшін нөмірі 65, 45 және 1-білім ошақтарының жанынан 600 орындық қосымша ғимарат салынды.
Сондай-ақ инвесторлар есебінен бой көтерген жаңа мектептердің арқасында оқушылар саны көп білім ошақтары да азайды. Жекеменшік мектептер жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы балаларды тегін оқытатын болады. Ал келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 білім ошағы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, басқарма мәліметінше жаңа оқу жылына қабылданған бала саны рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 7 мыңға артқан. Биыл бірінші сыныпқа 28 мыңнан астам оқушы қабылданған.
Жанат Тәжиева, қалалық Білім басқармасының басшысы:
- Шымкент қаласында үш ауысым мәселесі түбегейлі шешілді. Дегенмен де бала саны тығыз сыныбы бар мектептердің саны бұған дейін 21 болатын болса, енді 12-ге кеміді. Енді осы бала саны тығыз 12 мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» жобасы аясында толық шешімін табатын болады.