Ғылым қайтсе дамиды?
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Ұлытау облысының ғылыми-өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға жәрдем береді. Бұл туралы Жезқазғанда өткен «Өңірдің перспективалары мен бәсекелестік артықшылықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде айтылды. Академия ғалымдары өңірдегі ғылыми инфрақұрылымды қалыптастыру, кадр даярлау мәселелерінің шешу жолдарын ұсынды.
Өңірдегі кенжелеп қалған ғылым саласын қайта қалыптастыруға кемінде 5-7 жыл қажет. Себебі мұнда ғылыми орталықтар жоқтың қасы. 90-жылдары облыс тараған тұста шағын зертханалардың өзі жабылып қалған. Ал жас ғалымдар амалсыз ірі қалаларға қоныс аударды. Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария бастаған ғалымдар осы мәселелерді шешудің нақты 3 жолын ұсынды.
Күнсұлу Закария, Ұлттық ғылым академиясының президенті:
-Біздер агро технологиялар бойынша бірнеше ұсыныстарымызды бердік. Ол нақты басқа өңірлерде өзінің нәтижесін көрсеткен жобалар. Сол жобаларды осы жаққа әкеліп, ұлттық ғылым академиясы көмек бере алады.
Өндірісті өлкенің ауыл шаруашылығы бойынша да әлеуеті зор. Мал өсіруге қолайлы. Ауыл шаруашылық жерлердің 90% жайылымдық. Сол жерде мыңғыртып мал айдамаса да, оның басын асылдандыру арқылы пайдаға кенелуге болады. Бүгінде облыста осындай 2 шаруашылық ғылым академиясымен бірлесе жұмыс істеп отыр.
Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
-Облыстың өте жақсы, тиімді екі асыл тұқымды малдары бар. Қой өнімдерінің ішінде. Ол бірінші – Сарыарқа асылтұқымды малы, одан кейін Еділбай қойы бар. Сол екі асыл тұқымды малды қолға алып, ғалымдармен бірге сондай зауыттар, шаруашылықтар құруымыз керек.
Дөңгелек үстел басында жергілікті ғалымдардың да ұсыныс-тілектері тыңдалды. Облыстың ғылыми әлеуетін арттырудың 8-қадамнан тұратын жоспары бекітілді. Қазақ ғылымын әлемге танытқан Күнсұлу Закарияға «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атағы табыс етілді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев