Көкшетаулық мұғалім ағылшын тілін ерекше тәсілмен оқытады
Дана Қабиденова сабақ барысында көбінесе шетелдік тәжірибені қолданады. Ол үшін арнайы оқу-бағдарламасын жасаған. Қазір ол оқыту орталығын ашып, сабақтарын сол жерде өткізеді.
Дана Қабиденованың оқыту орталығына келушілер қатары көп. 300-ге тарта бала қосымша білім алады. Оқушылар аптасына екі рет келеді. Жаңа тәсіл балғындарды қызықтырып қана қоймай, шет тілін меңгеруге деген ынтасын арттырған.
Нұрәлі Қайырхан, оқушы:
- Маған мұнда ұнайды. Өйткені бізге жақсы сабақ береді. Күшті түсіндіреді. Мен 8 жасымнан бері келемін.
Ата-аналар осындай оқыту орталықтарын көбейту керек деп есептейді. Сонда ғана бәсекелестік артып, білім сапасы да жоғарылайды.
Ақмарал Мырзаханова, қала тұрғыны:
- Ағылшын тілі болсын, басқа тілдер болсын, баланың қызығушылығын жоғары көтерсе, осындай орталықтар жасай берсін деймін. Өйткені баланың қазіргі қызығушылығы – телефон. Одан кейін басқа да зиянды заттар. Осындай орталықтар арқылы бала телефонын алса, тек сабағын оқып, дамыту үшін алады.
Шәрия Шалтықова, қала тұрғыны:
- Мектепте балалар көп болғасын ба, әлде мұғалімнің уақыты жетпей ме, білмеймін, мектепте мұндай білім ала алмайды. Мұнда негізгі назар ағылшын тіліне бөлінгесін бе, жақсы білім алады. Мынадай қосымша курстарға қатыспаса, білімдерін жақсарту қиын.
Білікті педагог Дана Қабиденова орталықты 2015 жылы ашқан. Алғашында тек екі сынып болған. Кейін сынып саны 25-ке жетіпті. Қазір орталық басшысы 10-ға жуық мұғалімді жұмыспен қамтып отыр.
Дана Қабиденова, оқыту орталығының басшысы:
- Біздің оқыту бағдарламамыздың басты ерекшелігі, ол әр жастағы балаларға арнайы құрастырылған. Мен өзім Чикаго қаласында білім алғам. Яғни, осы бағдарламаны мен шетелдік тәжірбиеге сүйене отырып, өзім жасап шығардым. Оны балалар тез меңгереді. Көбінесе практикалық тәсілдерге басымдық береміз.
Қазір орталықтағы 300 баланың тең жартысы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алады. Оның ішінде ата-ана қарауынсыз қалған және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары бар. Дана Қабиденова биыл тағы бір оқыту орталығын ашқан. Енді ол жерде егде жастағы жандарға сабақ беруді көздеп отыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаенко.