Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізді
Ғылымы өркендеген ел ғана кемелденеді. Бүгін Ақордада ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Ғалымдардың басын қосқан жиын қазақ ғылымының көрнекті өкілі - академик Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Президент 3 жылда ғылымды дамытуға 625 млрд тг бөлінетінін, шетелден тәжірибе алу және олардың филиалдарын ашу, жас ғалымдарды қолдау сынды шаралардың қолға алынғанын баяндады. Бірақ ол жеткіліксіз. Қазіргі отандық ғылымның жай-күйі тоқмейілситіндей күйде емес. Тоқсаныншы жылдары 40 мың ғалымды жоғалттық, орны әлі толған жоқ. Оның сыртында жаңа заман талаптарының есік қағып тұрғаны және бар. Жақын уақытта ғылымға ден қою және оны ұдайы дамыту стратегиялық міндет болмақ.
Ғылымсыз - қараң күнің! Елдегі апат та соны айғақтайды. Техногендік және табиғи апаттарды болжауда, климаттың өзгеруіне қарсы күресте ғылымның әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Ал климаттың өзгеруінен алапат апат саны өсуде. Мәселен 1980-85 жылдары 1800 табиғи апат болса, 2010-2015 жылдары аралығында ол екі жарым есеге өсіп, саны 3700 ден асқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек.
Бүгінгі жиында Тараздағы гидромелиоративті-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданды. Оқу орны материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықталады. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкімет мекеменің ғылыми әлеуетін арттыруға, сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы әрі нақты ұсыныстар дайындайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үш жылдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөледі. Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе, төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн. Яғни гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет.
Су ресурстары тапшы Қазақстан үшін мұздықтарды зерттеу өзекті. Сол үшін Алматыдағы Аймақтық гляциологиялық орталықтың әлеуетін барынша пайдалануға байланысты Үкіметке бірқатар тапсырма берілді. Бұған қоса, 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін Аймақтық климаттық саммит мінберін әлемдік қауымдастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзен арналарының тартылуы, шөлейт жерлердің басуы сияқты өзекті мәселелерге аудару үшін пайдаланған жөн.Тағы бір мәселе. Ғылым экономиканың қарқынды дамуына үлес қосуы тиіс. Кеңестің бірінші отырысында Үкіметке ғылыми институттар мен университеттердің ресурстарын жұмылдыра отырып, ғылымның ашық әрі қолданбалы моделіне көшу тапсырылған. Ғылыми жобалар академиялық сұранысқа ғана емес, экономиканың қажеттіліктеріне бет бұруы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық экономиканы индустрияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ. Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химиясы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор.
Ғылыми жаңалықты коммерцияландыру келесі бір маңызды қадам. Мысалы ғылыми әзірлемелерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, жол жөндеу және салуға неге пайдаланбасқа? Тек бизнес пен ғылыми қоғамдастық тіл табысуы тиіс. Тағы бір жаһандық міндет - декарбонизация. Яғни көмірсутектерді пайдалануды азайтып, қалпына келетін қуат көзімен істейтін технологияларын игеру. Оның сыртында елімізде шикізат қорларын қайта барлау мәселесі бар. Яғни геология ғылымын дамыту өзекті деді президент. Және тағы бір маңызды міндетті атады. Жасанды интеллектіні дамыту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналуда. Мұндай жағдайда еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін бізге барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды. Жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор. Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады.
Қазір елімізде жасанды интеллект банк, білім беру, логистика, медицина, қауіпсіздік жүйесі сияқты салаларға енігізіліп жатыр. Ендігі міндет технологиялық инфрақұрылымды икемдеу және соған қолайлы экожүйе құру. Оның сыртында осы саланың маман тапшылығын шешу міндеті тұр. Президент күрделі ғылыми міндеттерді еңсеру үшін жуырда елімізде суперкомпютерлер іске қосылатынын айтып қалды. Мәселен қазақ тілін дамытуда да оның мүмкіндігі мол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді.
Төртінші міндет. Университет ғылымы және ғылыми инфрақұрылымды дамыту. Жоғарғы оқу орындарындағы жалақының аздығынан мамандар кетті. Оқытушылық-профессорлық құрамның 40 пайызында ғана ғылыми дәреже бар. Ал мұндағы ғалымдардың еңбектері тіпті елеусіз қалуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді. Жалпы университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.
Ендігіде бюджет кодексінде грант ұғымының аясы кеңейіп, ғылыми зерттеуге қажет құрал-жабдық пен инфрақұрылымға қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек. 15 өңірлік және 5 педагогикалық университеттер базасында құрылатын Академиялық басымдық орталықтарында зерттеу бағыттары қолға алынбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру.
Бұл бесінші міндет – ғылымның кадрлық әлеуетін арттыруға қатысты ұсыныс. Президент докторантурға жылына 5 мың адам қабылдау қажеттігін тағы да қайталады. Бұдан бөлек грант негізінде іске асып жатқан жобалардың сапасы мен грант көлемін көтеру маңыздылығына тоқталды. Жас ғалымдар әлемнің жетекші оқу орындарынан тәжірбиеден өте алатын Жас ғалым бағдарламасына отандық ғылыми орталық мамандарын да көбірек тарту қажеттігі айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады.
Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер ғана әлемнің даму көшін бастап тұр. Қазақстан солардың қатарына қосылуы керек және көштен қалмауы тиіс. Президент атап өткендей Ахмет Байтұрсынұлының «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген бір ғасыр бұрын айтып кеткен сөзі ғылымды дамытудағы еліміздің басты ұранына айналатын сияқты.
Автор: Берік Дүйсенбай