Жас ғалымдар бас қосты
Жас ғалымдар елордада бас қосты. Жоғарғы оқу орнынан іріктелген 70 студент, түрлі бағытта ғылыми еңбектерін таныстырды. Олар барлық салада ғылым тілі - қазақ тілі болуы керек дейді. Зерттеушілер, тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ киносы, Түркістанда оқиғалы туризм саласын дамыту, мүшелі жас жайында көшпенділердің күнтізбесін зерттеген. Дәстүрлі ғылыми конференция, биыл 6-шы рет ұйымдастырылып отыр.
Айта кетейік, екі жылда ғылым жолына келген жастардың саны 8 мың 200-ге жуықтады. Бұл туралы Астанада өткен жас ғалымдар саммитінде айтылды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, соңғы уақытта ғылымды қаржыландыру тетіктері көбейді. Грант саны артып, шетелде тағылымдамадан өтуге мол мүмкіндік ашылған. Тіпті биыл 246 жас ғалымға, жеке баспана бұйырған.
Ринат Елшібеков, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің департамент басшысы:
- Бітірген докторантқа ғылымға кіру оңай емес қой. Мақалалар жариялау керек. Сол мақалалардың жариялау үшін, көмек ретінде жалақысы 500 мың болатын, гранттар бөлеміз. Оның жыл сайынғы саны өсуде. Келесі шарамыз, үлкен ғылыми топпен, яғни 5-7 адамды құрайтын жас ғалымдар конкурсы бар. Қазіргі уақытта 9 миллиард ақша бөлінеді.