Хабар телеарнасы

ҰБТ: биыл мемлекеттік грант қай салаға көп бөлініп жатыр?

Ұлттық Бірыңғай тест басталғалы 95 мыңға жуық адам тест тапсырды. Оның ішінде колледж студенттері де бар.  Талапкердің 74 пайызы шекті балды жинаған. Ең жоғарғы 138 баллды Түркістан облысының талапкері алған. Ал тасқын болған аймақтағы түлектерге арнайы жеңілдік қарастырылған ба? Биыл мемлекеттік грант қай салаға көп бөлініп жатыр?

Тасқынға байланысты еліміздің 6 өңірде Ұлттық бірыңғай тестілеу кешіктіріліп басталды. Дегенмен түлектерге арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған. Ал Атырауда тест тапсырып шыққан колледж түлегі Шұғыла Ұзақбай тестілеудің нәтижесі төмен болғанын айтады.

Шұғыла Ұзақбай, колледж түлегі:
-Мен бүгін шығармашылық емтихан тапсырдым. Негізгі жинау керек баллым 30 болатын. Соның 15-ін жинадым. Жартысын. Ондай қатты дайындық болған жоқ. Дизайнер мамандыққа түскім келіп тұр.

Мәселен, Атырауда 6,5 мыңға жуық түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген. Бүгінге дейін тест тапсырғандардың 33% шекті баллға жете алмаған. Дегенмен бәйгеден оза шауып, бір түлек 131 балл жинады. Әзірге өңірдегі ең жоғарғы көрсеткіш осы.

Сауырбек Сағынбаев, Атырау қаласы ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы:
-Атырау бойынша Ұлттық бірыңғай тест басталғалы 550 адам тест тапсырды. Оның ішінде 75% қазақ тілінде, 25% орыс тілінде, екі адам ағылшын тестілеуден өтті. Ерекше қажеттілігі бар оқуға түсушілерге қолайлы жағдай жасау арқылы, осы екі аптаның ішінде 5 талапкер ҰБТ-ға қатысты.

Атыраудағы жауапты мамандар талапкерлер арасында тәртіп бұзғандардың болмағанын айтады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында шекті көрсеткішті 83% жеткен. Ең жоғарғы көрсеткіш - 129 балл.

Гүлден Бозжігіт, ҰБТ орталығы Петропавл қаласындағы филиалының сарапшысы:
-Негізі басталғаннан бері облысымыз бойынша 876 адам тест тапсырды. Оның ішінде 23% жуығы қазақ тілінде, 77% жуығы орыс тілінде тапсырды. Бүгінгі күнге екі құқықбұзушылық анықтады. Телефон және шпаргалка, тағы да басқа тыйым салынған заттарды алып өту мақсатында, екі оқушы тестілеуден босатылды.

Республика бойынша 187 мыңға жуық талапкер - екі мүмкіндікті пайдаланып, тест тапсырып, мемлекеттік грант алуға үміткер. Оның 156 мыңы мектеп түлегі, 16 мыңы былтыр мектеп бітірген. Ал 9 мыңға жуығы колледж түлегі болса, қандастарымыздың саны 2,5 мыңға жуықтайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 333 талапкер, ал шетелде білім алған 127 еліміздің азаматы тест тапсыруға өтініш білдірген. Дегенмен тесттен шеттетілгендердің де саны көбейіп жатыр.

Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
-Қазіргі таңда математика, физика және химия биология деген комбинациялар бізде топ деп айтсақ болады. Ереже бұзғандардың саны 150-ден астам. Бұл жерде тыйым салынған затты алдып кіруге тырысқандардың саны, әрине, көптеу. Тестілеу аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін біз барлық бейнежазбаларды тағы да толықтай қарап шығып, оның нәтижесінде егер де олардың тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталатын болса, онда олардың нәтижесі жойылады.

Бүгінге дейін Республика бойынша тест тапсырғандардың арасында 26% шекті балл жинай алмаған. Дегенмен олар қаңтар мен ақпанда 3 рет тест тапсырған болатын. Ең жоғарғы тест қорытындысымен жоғарғы оқу орындарына тапсыра алады. Былтыр бакалавриатқа 73 061 грант бөлінсе, биыл 79 мыңнан астам студент тегін білім алады.

Жандарбек Құдайбергенов, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғарғы оқу орны білім комитетінің бас сарапшысы:
-Биылғы жылы мемлекеттік тапсырыстың 30% жуығы өңірлік ЖОО-дарын қолдау болып отыр. Сонымен қатар биыл колледж түлектеріне берілетін білім беру гранттарының саны өсті деп айтсақ болады. Былтыр бұл көрсеткіш 2500 білім беру грантын құраса, биыл бұл көрсеткіш 1800 білім беру грантына өсіп, яғни 4200-ден асқан білім беру грантын құрады.

Жоғарғы оқу орындарындағы 60% грант техникалық, инженерлік кадрларды даярлауға бөлініп отыр. Ал биыл студенттердің 80% колледждерде тегін оқиды. 2025 жылға қарай 100% жеткізу жоспарлануда. Еске сала кетейік, еліміздегі түлектер Ұлттық Бірыңғай тестілеуді 5 шілдеге дейін тапсырады. Ал төтенше жағдай режимі жарияланған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тестілеудің соңғы күні - 12 шілде.

Авторлары: Диана Қадыр, Аманжол Байғазин