Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер жаңа пилоттық жобаның түлегі атанды
Аутизм мен даун синдромы кәсіби білім алуға кедергі болмауы керек. Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 34 жасөспірім «Оқу-өндірістік комбинаттар» пилоттық жобасының алғашқы түлегі атанды. Олар 5 ай бойы колледждерде «Аспаздық», «Кондитер», «Сәндік қолданбалы өнер» мен «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» бағыттары бойынша кәсіби білім алды. Жасөспірімдерге «Болашақ қоры» қолдау білдірген. Ендігі кезекте курс түлектеріне тағылымдамадан өтіп, келешекте жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі. Болашақта Қазақстанның әр өңіріндегі жасөспірімдерге осындай қолдау көрсету жоспарда бар.
Қаламқас Шайкенова, қала тұрғыны:
- Мектепке қалай барады деп алаңдап едік. Енді жұмысқа қалай тұрады деген сияқты проблемалар шыға береді ғой балалар өскен сайын. Сондықтан міне повар, кулинария, дизайн деген мамандықтар көбейе берсе деген ниеттеміз. Өте қуаныштымыз. Өте үлкен алғысымызды білдіреміз.
Самал Әлбілекова, «Болашақ» корпоративтік қорының бағдарламалар координаторы:
- Бұл балаларымыз тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін қалыс қалып жатады. Әрқайсысында колледжге түсу-түспеу мүмкіндігі аз болатын. Сол мәселені ескеріп, біз мектеп кезінде 7-ші сыныптан бастап, кәсіби бағдар беруге бағытталған жобаны ойлап таптық.