Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің құрылтайы өз мәресіне жетті
Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің құрылтайы өз мәресіне жетті. Екі күндік іс-шараға өңірлерден келген делегаттарға қоса, шетелдік сарапшылар да қатысты. Қазір Қазақстанда ресми түрде тіркелген 800 әлеуметтік кәсіпкер бар.
Әлеуметтік кәсіпкерлікте шығарылған өнімдермен бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та танысып шықты. Сала өкілдері киім-кешек пен кәдесыйдан бөлек ойыншықтар, жиһаз және басқа да тауарлар шығаруды меңгерген. Негізі шағын және орта бизнестің бұл жаңа бағыты Қазақстанда енді дамып жатыр. Ал әлем елдерінде әлеуметтік кәсіпкерлікке сұраныс артып келеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Әлеуметтік кәсіпкерлер негізгі қоғамдық мәселелерді шешуде мемлекеттің маңызды серіктесі. Елімізде 2021 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданып, әлеуметтік кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Осы арқылы олардың жұмыс бағыты, мәртебесі айқындалды.
Бұл салада негізінен мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік осал топтағы азаматтар жұмыс істейді. Сондай-ақ осы санаттағы тұлғаларға қызмет көрсететіндер де әлеуметтік кәсіпкер деп аталады. Солардың бірі - Жақсылық Темірбаев. Ол жетім балалардың кәсіп игеріп, оқуға түсуіне көмектесіп, бағыт-бағдар береді.
Жақсылық Темірбаев, қоғамдық қор өкілі:
-Әртүрлі кәсіби компанияларға апарып оларды көрсетіп, қалай жұмыс жасайды зауыттарға апарамыз. Қоғамға өмір сүруге үйрету мақсатында. Ал оқығысы келетін жастарға университеттерге грантқа түсуге көмектесеміз. Әр жыл сайын 100 баланы оқытуға іріктеуден жинаймыз.
Заң бойынша әлуметтік кәсіпкерлерге арнайы гранттар мен салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Алматы, Астана қалалары мен Батыс Қазақстан облысында ілкімді жобалар қолға алынған. Құрылтайда, сондай-ақ алға қойылған міндеттер мен жоспарлар талқыланды.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов