Алматыда Ислам ғылыми-зерттеу институты ашылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған ғылыми мекеме, көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды кодикология-мәтінтану тұрғысынан зерделеп, сараптауға, оны ғылыми айналымға енгізуге үлес қоспақ. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерімен өткен басқосуда: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет»,— деген болатын. Жаңадан құрылған институт дәстүрлі дініміздің құндылықтарын ғылыми-теориялық тұрғыдан дамытып, ата-бабаларымыз ұстанған исламның сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабын жаңғыртуды мақсат тұтып отыр. Сондай-ақ ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ғұламалардың еңбектері зерттеліп, бай мұраны халқымыздың рухани тұтастығына бағдар ету көзделген.
Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
-Қазіргі кезде әлемдегі мәселелердің бірі ол біздің елімізде де бар, әртүрлі жат ағымдар, осы жат ағымдарды ғылыми негізде олардың қателіктерін айқындап, ашып, халықты ақпараттандыру жұмысымен де айналысады. Сонымен қатар елдегі әр өңірдегі діни ахуалдарды зерттеп, қай өңірде қандай мәселелер бар соның зертеп, сол мәселелердің алдын алу, егер ол жерде әртүрлі мәселелер болса, оны шешу жолдарымен де Алла қаласа ғылыми негізде айналысатын болады.