Хабар телеарнасы

Астанада оқушыларға орын тапшы

Жуырда Астанада мектеппен бірге, педагогтар да тапшы болуы мүмкін. 2030 жылға қарай бас қаланың өзіне 10 мың мұғалім керек деген болжам бар. Мұны тамыз кеңесінің өңірлік отырысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты. Биыл Астанада 28 мың бала 1-сыныпқа барады. Мектептер бұған дайын ба? Орын тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

Ырысжан Қапалбекова - екі баланың анасы. Оқу мезгілі жақындаған сайын ана уайымы да басым. Себебі ұлы мен қызы оқитын сыныптарда 40 шақты бала бар. Оқу үлгерімдері төмендемес үшін Ырысжан оларды қосымша үйірмелерге апаруға мәжбүр. «Жыл сайын бұған 2 млн 400 мың теңге жұмсаймын»,— дейді. Ал балаларды басқа мектепке ауыстыруға мүмкіндік жоқ.

Ырысжан Қапалбекова, қала тұрғыны:
-Бірінші мәселе - прописканың жоқтығы. Екіншісі толып кеткен дейді. Қазіргі оқып жатқан мектебінде де толы. Бір сыныптың өзінде 40 балаға дейін барады. Ол жерде сапалы білім ала алмайды балалар. 

Қаладағы мектеп құрылысы сол күйі демография қарқынына ілесе алмай келеді.

Биыл тапшылық шамамен 28 мың орынға жеткен. Сондықтан 8 білім ордасы 3 ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Ал 16 мектеп шамадан тыс көп бала қабылдаған. Жауаптыларға «мәселе қашан шешіледі?» - деп сұрақты төтесінен қойдық.

Қасымхан Сенғазыев, Астана қаласы білім басқармасының басшысы:
-Жаңа оқу жылында біз жаңа 12 мектепті іске қосқалы отырмыз. Оқушы орны тапшылығы мәселесін шешетін боламыз. Жалпы қазір қалада 32 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін біз 21 мектептің құрылысын аяқтайтын боламыз.

Бүгінгі тамыз кеңесінде жауаптылардың айтқаны: биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында қосымша 15, ал келер жылы 9 мектеп ел игілігіне тапсырылады. Осылайша, 3 ауысымды 6 мектептің мәселесі биыл шешімін табады. Ал қалған екеуі - келер жылдың еншісінде қалады.

Авторлары: Дана Әлиева, Айбын Құсанбеков, Самат Сүлейманов