Қостанай облысында 12 мектеп жабылды
Олардың барлығы шағын жинақты бала саны бесеуден аспайтын білім ошақтары. Есесіне жыл аяғына дейін өңірде алты жаңа мектеп ашылады. Оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатыр.
Меңдіқара ауданы орталығындағы Ахметқазы Шотаев атындағы мектеп-гимназия 1962 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. 800-ге жуық бала оқитын үш қабатты ғимараттың тозығы жеткен еді. Биыл бастан-аяқ жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Данагүл Ерменова, А.Шотаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры:
- Мектептің сырты жаңартылды, төбе ауыстырылды. Спортзалдарды толығымен қалпына келтірдік. Енді қазір қалып тұрғаны бірінші қабатта плиткаларын салу қалды және кіреберістегі есіктерді ауыстыру қалды.
Мұнда атқарылатын жұмыс ауқымы әлі аз емес. Дегенмен жауапты басшылар бірінші қыркүйекке дейін толық аяқтаймыз деп сендірді. Осындай күрделі жөндеу облыстағы 9 мектепте жүргізіліп жатыр. Оның жетеуі ауылдық білім ошақтары. Ал ағымдағы жөндеумен 142 мектеп қамтылған. Шекара түбіндегі Оразалы Қозыбаев атындағы Қаратал орта мектебінде жеңіл-желпі жөндеумен шектелген.
Гүлдана Ахметова, Меңдіқара аудандық білім бөлімінің басшысы:
-Қаратал мектебінде биыл бізде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп шыныменде үлкен, бірақ бала санының тапшылығына байланысты келешегі жоқ деуге де болады. Өйткені ауылда адам саны да аз. Бала саны да аз. Сол себептен ол жерде ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізіп жатырмыз.
Қостанай облысында 433 мектеп бар. Соның жартысынан астамы бала саны аз, шағын жинақты білім ошақтары.
Анна Лазарева, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Нормативке сәйкес бастауыш мектептерде бала саны бесеуден кем болмауы керек. Биыл осы талапқа сай келмейтін 12 білім ошағы жабылды. Ондағы елу шақты бала жақын жердегі мектептерге ауыстырылып, тасымал ұйымдастырылады.
«Облыста бала санына шаққанда мектеп жеткілікті», - дейді сала мамандары. Қазіргі кезде негізгі мақсат білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту. Биыл 34 оқу кабинеті заманауи жаңа құралдармен жабдықталған.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг