Отандық ғалымдар ауруды анықтайтын смарт ұлтарақ ойлап тапты
Отандық жас ғалымдар түрлі ауруларға ерте диагностика жасайтын смарт ұлтарақ ойлап тапқан. Басты ерекшелігі адам бойындағы дертті лезде көрсетіп, оның асқынуына жол бермейді екен.
Бұл құрылғы Мирай деп аталады. Ол адам миындағы диагнозды анықтап, дерттің алдын алады екен. Келешекте өндіріске жіберілмек.
Цифрлы ұлтарақ отандық ғалымдардың бүгінгі жетістігі. Пішіні мен түріне мән бермеңіз. Оның қызметі мүлдем бөлек. Әсіресе балалардың бойындағы жасырын дерттерді дөп көрсетеді. Жобаның негізін қалаушы профессор Гүлнұр Қалимулдина құрылғыны зерттеуге 5 жыл уақыт кетті дейді.
Гүлнұр Қалимулдина, жобаның негізін қалаушы
- Әрине, біз бұл технологияның жұмыс істейтінін көру үшін 100 адаммен тексеріп, көрген болатынбыз. Рас деген ауру бар, аутизм, мотор дисфункциясы, балалар аяқ қолдарымен дұрыс жұмыс істей алмайды. Басты мақсатымыз балаларға көмектесу және ата-аналарға өз балаларына көмектесуге уақыт беру.
Пациенттің денсаулығы жайлы толық ақпарат телефон қосымшасында көрсетіледі. Деректер дереу түзіліп, бірден қолданбада пайда болады.
Азат Балапан, магистрант:
-Осы ұлтарақтарды жасаған кездегі ең басты қиыншылық осы микросхеманы жасағанда болды. Өйткені осы микросхема негізі компьютерге жүктеледі. Сенсордың басты айырмашылығы біз оны қолмен, не аяқпен басқан кезде оған ток пайда болады.
Жобаға атсалысқан студенттер бүлдіршіндерге арналған тепе-теңдікті сақтау құрылғысын да жасап шығарған. Жасанды интеллектпен біріктірілген бұл аппарат тілі кеш шығатын балаларға жақсы көмек.
Азамат Ешмұхамедов, НУ постдокторанты:
-Баланың мишығының бөлшегін емдеуді тепе-теңдіктен бастайтын болсақ, оны ерте емдеуге мүмкіндік бар. Осы саланың, осы білімнің негізінде біз жасаған платформа. Алты түрлі қозғалыс арқылы баланың мишығын жаттықтыруға өте көмектеседі.
Сондай-ақ жоба авторлары жуырда интеллектуалды дамуында ерекшеліктері бар адамдарға арналған Спорт федерациясымен серіктестік орнатқан. Пилоттық жоба қолдауын тапса, көпшілікке қолжетімді болмақ.
Авторлары: Мақпал Рахатқызы, Азамат Сәметов