«Болашақпен» шетелде оқып келген азамат ауыл мектебінде жұмыс істейді
Абай облысының Қарақол ауылында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген мұғалім тұрады.
Қуаныш Алтынжанов ауыл балаларына математика пәнінен сабақ береді. Әріптестері жас маман бұл пәнге жаңа тыныс берді, - дейді. Бірнеше шетелдік тағылымдамадан өткен білікті маман ауыл мектебін таңдап, жастарға заман талабына сай білім беріп жүр.
Қуаныш Алтынжанов Үржар ауданындағы Қарақол ауылының орта мектебінде жұмыс істейді. Өзі де осы қара шаңырақтың түлегі. Сондықтан бар білгенін ауыл балаларына үйретуді жөн санаған.
Қуаныш Алтынжанов, математика пәнінің мұғалімі:
- Туған жер әрқашан да өзіңе ыстық болады ғой. Ауылдағы жастарды, оқушыларды биік белестерге бағыттау керек. Өйткені дарынды балалар шынымен де бар. Енді сол ауыл жастарының білімін көтеру үшін сол салада қызмет істеп жатырмыз.
Матеметика пәнінің мұғалімі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тақырыбын зерттеген. Қазір осы бағытта жаңа әдіс-тәсілдерді оқу бағдарламасына енгізіп жүр.
Лаура Байтұрсын, оқушы:
- Алгебра, геометрия және физика пәндерінен бізге Қуаныш мұғалім сабақ береді. Алгебра, геометрия пәндері негізі қиын. Бірақ ол кісі бізге оны оңай жолмен түсіндіреді. Және де ашық сабақтар өте жиі болады. Әрі көп ұйымдастырады.
Қуаныш Алтынжанов шетел университеттерінде педагогикалық тағылымдамадан өткен. Енді балаларға математиканы ағылшын тілінде оқытуды жоспарлап отыр. Әріптестері жаңа көзқарастағы ұстаз оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырғанын айтады.
Қарлығаш Арғынбекқызы, тарих пәнінің мұғалімі:
- Қазір Қуаныш мектебіміздегі үлгілі жақсы ұстаздардың бірі деп ойлаймын. Қазіргі заманда үштілділікке байланысты ағылшын тілін меңгеру де ерен еңбектің нәтижесі деп ойлаймын.
Қуаныш Алтынжанов, математика пәнінің мұғалімі:
- Бұл жерде бір ағылшын тілін жарнамалау емес. Дей тұрғанмен, осы тілді қолданып, пайдаланып, математикалық есептерді шығартсақ. Сосын емтихандардан өтіп кетсе. Мақсаттары биік болса, мысалы, Назарбаев университетіне түсіп жатса. Ол бар менде. Зияткерлік мектепте оқушылар дайындаған кезде оқуға түсіп, университетті бітіріп кеткен оқушылар бар.
Қуаныш Алтынжанов ауыл балаларына сапалы білім беруді өмірлік мақсатым деп біледі. Ол оқушыларын халықаралық деңгейдегі олимпиадаға дайындауды жоспарлап отыр.
Рүстем Қайратұлы,Медет Өмірханов