Ақтаулық ғалымдар жолдың сапасын арттыратын материал жасап шығарды
Олар жол битумына ұнтақталған резеңке қосу арқылы коррозияға қарсы қорғаныш қабілетін күшейтуді жоспарлаған. Зертханалық жұмыстар 2027 жылға дейін тәжірибе түрінде жалғасады.
Инновациялық жоба аясында өңірлердің біріне 100 метр жол төселеді. Жаңа материалдың ұзақ уақыт бүлінбейтіні дәлелденсе, елімізде жалпы қолданысқа енуі мүмкін, - дейді мамандар.
Бірлескен жұмыс тобы 2023 жылдан бері Маңғыстауда өндірілетін жол битумының сапасын арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Басты мақсат – аяз бен аптап ыстыққа төзімді, мерзімінен бұрын бүлінбейтін өнім шығару. Әрі қоқысқа тасталған көлік дөңгелектері қайта кәдеге жаратылуда.
Ақкенже Бұсұрманова, бірлескен жұмыс тобының өкілі:
- Бірнеше мәселелерді шешеміз. Біріншіден, автомобиль жолдарының сапасын арттырамыз. Екіншіден, біздер экологиялық жағынан өте ауқымды проблеманың бірі болған – бұл енді машиналардың шиналары. Сол шиналарды утилизациялаймыз.
Ғалымдар жаңа жобаны патенттеу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне тиісті құжаттарды жолдаған. Алдағы уақытта жол битумына ұнтақталған пластик қосып, тәжірибеден өткізбекші. Тағы бір жұмыс тобы күн энергиясын қолдану арқылы өңірде ауызсу тапшылығын шешуді қолға алған.
Дінмұханбет Байымбетов, ғылыми-зерттеу институтының қызметкері:
- Оның қолданысы қолайлы, яғни өте қарапайым. Мысалы, бассейнге теңіздің тұзды немесе жерасты суы құйылады. Ол күн энергиясы арқылы ысиды. Температурасы көтерілген кезде булану процесі жүреді. Судың буы әйнекке тиген кезде конденсация процесі пайда болады. Сол арқылы таза суды жинаймыз.
«Жан-жағы әйнекпен жабылатын жабық бассейннің сыйымдылығы әртүрлі. Оны тұрғын үй немесе шаруа қожалығына қойып, күнделікті сұранысқа қарай таза су алуға болады», - дейді жоба авторлары. Жалпы аймақты дамытуға арналған тың бастамаларға 6,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қазір маңғыстаулық ғалымдар 26 жобаны жүзеге асырып жатыр.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев