Хабар телеарнасы

«Жайлы мектеп»: Алматы облысында 17 орта білім ошағы салынады

Алматы облысында үш ауысымда білім беретін 33 мектеп бар. Соның басым бөлігі Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында орналасқан. Жаңадан құрылған Алатау қаласында да бұл мәселе өзекті. Облыстың білім ошақтарында 42 мың оқушыға орын тапшы. Үш ауысымды мектептер қашан жойылады?

Алматы облысында үш ауысымда білім беретін 33 мектеп бар. Соның 17-сі Іле ауданында орналасқан. Біз қазір Өтеген батыр кентіндегі №13 мектепке келіп тұрмыз. Мұнда 3 мыңға жуық бала қысылып-қымтырылып білім алып жатыр.

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімі берілген бұл орта білім ошағы еліміз тәуелсіздік алған жылы құрылды. Ол кезде 350 оқушысы мен 34 мұғалімі бар еді. Ал қазір мұнда 2941 шәкіртке 189 ұстаз білім береді. Мектеп ғимараты 1240 орындық. Өтеген батыр кентінде 4 мектеп болса, соның үшеуі үш ауысымды.

Аяулым Керімқұлова, М. Мақатаев атындағы №13 орта мектеп директоры:

-Жер телімі бөлініп, жаңа мектеп соғылады деп айтылып жатыр, жоспарлануда. Енді соған үміттенеміз.

Алматы облысы бойынша бюджеттік түсімдердің басым бөлігін Іле ауданы береді. Кәсіпорындар көп шоғырланғанымен, аудандағы мектеп жетіспеушілігі ата-аналар үшін де үлкен қиындық тудырып отыр.

Нұржамал Тоқабайқызы, ауыл тұрғыны:

-Алматы облысы бай. Іле ауданы тіпті бай. Қаншама предриятие бар, сонда екі ауысымды мектеп жасауға болмай ма?! Жасауға болады ғой, барлық ата-аналар соны тілейді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Алматы облысында 26 мектеп салынуы тиіс болса, өткен жылы 11100 орындық 9 мектеп пайдалануға берілді.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

-Облыс бөлініп 2,5 жыл бұрын бастаған кезде бізде үш ауысымды мектеп 50-ден астам болатын, 53 болатын. Көбі халық көп шоғырланған аудандарда. Сол себепті ол жұмысты қолға алдық. Екі-үш жылдың ішінде ойымыз мынау үш ауысымды мектепті жою.

Өңірде биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 орта білім ошағы салынады. Ол 11 үш ауысымды мектептің екі ауысымда бала оқытуға көшуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 13 білім ошағы пайдалануға беріледі. Президент өз Жолдауында республика бойынша 1200 мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес Алматы облысында 91 мектеп жаңғыртудан өтеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов