Хабар телеарнасы

Енді обыр дертін жаңа әдіспен емдеуге болады

Енді обыр дертін де ерте анықтап, жаңа әдіспен емдеуге болады. Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығының дәрігерлері тераностика емін қолданбақ. Бұл ем шетелдерде бұрыннан қолданылып келеді. Бүгінде Бельгия, Нидерландыдан келген білікті сарапшылар Семейлік дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізіп жатыр. 

Данияр Дәлелханов 29 жаста. Былтыр денсаулығы сыр беріп, медициналық тексеруден өткен. Дәрігерлер оған қалқанша безінің қатерлі ісігі диагнозын қойыпты. Операция жасатып, қалқанша безін алдыртып тастаған. Қазір радиойодтерапия қабылдап жатыр. Науқастың жағдайы жақсы.

Данияр Дәлелханов, қала тұрғыны:

- Операциядан кейін шамамен үш айдан кейін келдім. Жақсы. Бір осындай стакан су береді. Ең бірінші диетаға отырдым. Сосын Семейге келіп, терапиядан өттім. Бір стакан су береді. Соны ішесің. Сосын 4-5 күн осы жерде жаттым.

Семейдегі онкология орталығында 2021 жылдан бері радиойодтерапия қолданылады. Бұл ем түрі тек қалқанша безінің обырына шалдыққан науқастарға жасалады. Қазір шетелдік сарапшылар тың әдістің жаңарған түрі тераностиканы Семейлік дәрігерлерге үйретіп жатыр.

Франческо Джаммариле,  атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік сарапшысы:

-Тераностиканың бір артықшылығы дәрі-дәрмек әр науқастың жағдайына қарай беріледі. Адамның сау мүшелеріне ешқандай зиян келтірілмейді. Енді бұл ем түрі Семейде қолданылады. 

Тераностика емі кезінде адамға арнайы радиоактивті препарат салынады. Соның көмегімен қатерлі ісіктің бар жоғы анықталады. Ал обыр емдеу кезінде сол дәріні қолдану арқылы арнайы терапия жасалады. Емді бастамас бұрын дәрігерлер адамның денсаулығын жіті тексереді.

Баян Атантаева, ядролық медицина және онкология орталығы директорының орынбасары:

-Тераностика дегеніміздің өзі екі сөзден тұрады. «Тера» дегеніміз - терапия, «ностика» бұл - диагностика. Яғни бір препараттың көмегімен біз қатерлі ісікті анықтаймыз және емдейміз. 

Шеберлік сабағы барысында тераностиканың тиімділігі талқыланды. Оқу курсы 4 күнге ұласады.  

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов