Күрделі операциялар МӘМС арқылы тегін жасалады
Шымкентте дәрігерлер эпилепсияны емдеудің жоғары технологиялық әдісін енгізіп, «Паркинсон» дертіне шалдыққан жанға алғаш рет күрделі операция жасайды. Озық технологиялардың арқасында тек өткен жылы 200-ден астам адам дертіне шипа тауып, ауруынан құлан таза айыққан. Дәрігерлер медициналық қызмет сапасы жақсарғаннан кейін, оңалу кезеңі де жылдам өтетінін айтады.
75 жастағы Жолымбет Қозыбақовтың омыртқасына жасалған операция сәтті өтті. Нерв жүйелері қалпына келтіріліп, ауырсыну артта қалды. Енді ақырын аяқ басып, бойын қайта тіктеп келеді.
Жолымбет Қозыбақов, қала тұрғыны:
- Жас кезімде ауыр нәрсе көтеріп, тайып кетіп бұрын 1 жыл жатқанмын. 30 жыл бұрын. Жас келген сайын қайталанады екен. Өзім таяқпен зорға жүремін. Осы жермен сөйлесіп, МРТ түстім. Сөйтіп кезекке қойды да 18-не жасады. 3 күннен кейін жүре баста деді, жүре бастадым.
№2 қалалық аурухана базасында былтыр 200-ге тарта операция жасалды. Биыл да ота кезегінде тұрғандар көп. Дәрігерлер эпилепсияны емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізіп, «Паркинсон» дертіне шалдыққан жанға алғаш рет күрделі операция жасамақ.
Бақытжан Позилов, №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері:
- Биыл да біз жыл басынан бері 40 операциядай жасап қойдық. Атап айтатын болсақ, мидың тамырларының күрделі аневризмалары немесе мидың ісіктері басқа да өте күрделі омыртқадағы потологиялардың бәрі біздің базада жасалып жатыр.
Раушан Мүсірәлиева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының бөлім басшысы :
- Жоғары мамандандырылған қызметтердің ішінде көп бөлігін құрайтын бұл нейрохирургиялық оталар, кардиохирургиялық оталар. Былтыр 2024 жылы бізде қаламызда 1 жүрек алмастыру отасы, 10 бүйрек алмастыру отасы жасалынып, сондай медициналық қызметтер көрсетілген.
Күрделі операциялар озық технологиялардың көмегімен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін жасалады. Сонымен қатар дертті ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер мен диагностикалық қызметтер көрсетіледі. Қала халқының 925 мыңға жуығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ем алады. Оның жартысынан көбіне мемлекет тарапынан жарна төленеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы