Хабар телеарнасы

Енді елімізде жүрек қағысы бұзылған адамдардың өмірі жеңілдейді

Енді елімізде жүрек қағысы бұзылған адамдардың өмірі жеңілдейді. Алғаш рет электримпульстік аблация технологиясы енгізіліп отыр. Аталған емдеу технологиясы отандық медицина үшін ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдерінде де таңсық. Еліміздің мамандары Франциядан арнайы шақырылған профессордан шеберлік сабағын алған. 

2 жыл бұрын Вадим Плакущийдің жүрегі сыр бере бастады. Елордалық кардиохирургтар 56 жастағы азаматқа жүрек қағысының шектен тыс жиілеуі диагнозын қойып, бірден ота жасату қажет деп тапқан. Вадим операция жасалады деген сөздің өзіне жүрегі толқығанын айтады. Сын сағатта туыстары мен достары демеу болған екен.

Вадим Плакущий, емделуші:
-Қазір жай-күйім бірқалыпты. Телефонымда тыным болмады, қолдаушыларым көп болды. Бұл өте үлкен күш береді екен.

Электримпульстік аблация. Аталған технология қарапайым тілмен айтсақ, токтың көмегімен жүрек қағысын реттеуге бағытталған. Бұның артықшылығы оның қауіпсіздігі, тиімділігі мен уақыт үнемділігінде. Қазір осы тәсілмен екі күнде 8 пациентке операция жасалмақ.

Өмірбек Нұралинов, жүрек орталығы аритмология бөлімшесінің меңгерушісі: 
-Жүрек фибрилляциясы жүрек қағысы қызметі бұзылуының ең көп таралған түрі. Қазір біз қолданып жатқан тәсіл ота жасау уақыты мен науқастың оңалту мерзімін қысқартады. Сондай-ақ медициналық қызмет сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Мамандар аталған емдеу технологиясының мүмкіндіктері мол екенін, оны қолдану аясының кеңейетініне сенімді. Оның сыртында токпен емдеу тәсілін көрсетілетін медициналық қызметтердің жалпы тізіміне енгізіп, тегін емдеу жоспарлануда.

Авторлары: БД, Әйгерім Бегенова, Самат Оспанов