Биылдан бастап қатерлі ісіктері бар науқастарға оңалту енгізілді
Соңғы жеті айдың қорытындысын былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қатерлі ісіктен болатын өлім көрсеткіші 3,2%-ке төмендеген.
Президент халыққа арнаған Жолдауында биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3 трлн 300 млн теңге қаржы бөлінгенін айтқан. Бұл қандай мақсаттарға жұмсалмақ? Қатерлі дертке шалдыққандарды емдеу ісін жақсартуға ықпалы бола ма?
Жақында Бақыт Нұрмановаға 3,5 сағаттық ауыр операция жасалып, төменгі жақ сілекей безіндегі қатерлі ісігі алынды. Емделушінің айтуынша, 3 ай бұрын нақты диагноз қойылған. Ауруы ерте анықталғандықтан, операциядан кейінгі 3 күнде аяққа тұрған.
Бақыт Нұрманова, емделуші:
- Қаңтардан бастап қаралып жатырмын. Дегенмен осы ғылыми орталық қана нақты диогнозды қойып берді. Отадан шыққаныма 5 күн болды. Есті жиып, ас-суымды ішіп, өзім жүре бастадым. Қатерлі ісікке шалдыққанда күнде уайымдап, қатты қиналып едім. Бірақ операциядан кейін өзімді жақсы сезініп, жаңа өмірге келгендеймін.
Дәрігердің айтуынша, емделушілер ауруды асқындырмауға мән беруі керек. Себебі дерті дендеген науқастар операцияға жарамай қалады.
Айбар Нұржанов, ҰҒОО онколог-дәрігер:
- Өкінішке орай пациенттер уақытылы қаралмаса, ондай жағдайлар болды операцияға жарамсыз. Химиотерапия, сәулелік емді қолданамыз. Бірақ ол операция секілді толық қорытынды бермейді.
Еліміз бойынша 227 мыңға жуық адам қатерлі ісік бойынша есепте тұр. Басым бөлігі сүт безі, тоқ пен тік ішек обыры. Өкпе және асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар да аз емес. Мамандардың айтуынша, отандық медицинада бұл аурудың кез келген түрін емдеуге мүмкіндік бар. Бірақ дертпен күресте «біз жеңдік» деуге әлі ерте.
Алтай Керімқұлов, ҰҒОО хирургия бойынша аға дәрігер:
- Жыл сайын елімізде 35 мыңға жуық науқаста жаңадан қатерлі ісік түрлері анықталады. Өкінішке қарай жыл сайын 13 мың адамдай осы дерттен қаза табады. Алыс шалғайдағы өңірлерде маман тапшылығы бар. Әсіресе батыс өңірлерін де. Одан кейін жаңадан ашылған облыстар бар. Біздің жаңа корпусында протондық ем деген түрі ашылады. Ол да заманауи емнің бір түрі деп саналады.
Жыл соңына дейін елордада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимараты қолданысқа беріледі. 215 сырқатты қабылдауға арналған. Одан бөлек, отандық ғалым Дос Сарбасов қатерлі ісікке қарсы препарат жасап шығарды. Қазір сынақтан өтіп жатыр. Нәтиже ойдағыдай болса, жаппай қолданысқа енгізіледі.
Диана Қадыр, Айбын Қосанов, Қанат Маханбетов