Хабар телеарнасы

Елімізде анестезиолог мамандар жетіспейді

Бүгін - дүниежүзілік анестезиолог күні. Елімізде осы салада дәрігерлер жетіспейді. Тапшылық әсіресе Астана, Алматы қалалары мен Ақмола облысында байқалады. Өткен жылдың мәліметтеріне сүйенсек, аталған аймақтардағы кадр тапшылығы 45-80% аралығында болған. Ал жалпы елдегі анестезиологтардың саны 3 мыңнан сәл ғана асады.

Ауруханадағы әрбір науқас операцияға дейін анестезиологтың алдына барады. Операцияның сәтті өтуі тікелей осы маманға байланысты. Себебі сырқаттың алдыңдағы қорқынышты басып, жәрдемдесетін де, ауырсынуды сезбеуге көмектесетін де дәріні анестезиолог тағайындайды.

Дастанның анестезиолог-реаниматолог қызметінде жүргеніне 5 жылдан асты. Бір күнде бірнеше науқасты операцияға дайындап, тыным таппайды. Себебі ол секілді мамандар тапшы.

Дастан Уәлиев, ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық oрталығы ауруханасының анестезиолог-реаниматологы:

-Бізге келген науқастардың көбісі анестезиолог дәрігер тек ұйықтататын дәрігер ретінде, наркоз беретін дәрігер ретінде таниды. Бірақ анестезиолог дәрігердің жұмысы өте ауқымды. Бұл науқастың ауруханаға түскеннен, ауруханадан шыққанға дейінгі процессті қадағалайды. Яғни операцияға дайындығы, операция кезінде науқастың өмірлік маңызды функцияларын бақылау, операциядан кейін қайта тезірек қалпына келуі. 

Тәжірибелі маман 18 сағатқа созылатын күрделі операцияларға да қатысып, науқастың жағдайын қадағалайды. «Өмір мен өлім күреске түскен сәтте қателесуге қақым жоқ»,– дейді дәрігер.

Дастан Уәлиев, ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық oрталығы ауруханасының анестезиолог-реаниматологы:

-Біздегі жұмыста ең күрделі мәселелердің бірі - ол стрестік жағдайлар. Себебі өте ауыр жағдайдағы пациенттер түсіп жатады. Сол себепті тез әрекет қабылдап, дұрыс шешім қабылдап, науқасқа көмек жасауымыз қажет. Ең бастысы - бұл жауапкершілік. Себебі адам ауруханаға түскен кезде бізге өз өмірін тапсырады.

Жауапкершілік жүгі ауыр болса да, Дастан үшін дертіне дауа іздеп келген науқастарды ажалдан арашалау – күнделікті міндет. Ал көптің алғысын алу – үлкен бақыт.

Авторлары: Дана Әлиева, Азамат Саметов