Хабар телеарнасы

Ташкентте Гүлсім Асфендияроваға арналған мемориал ашылды

Ташкентте қазақтан шыққан тұңғыш әйел-дәрігер Гүлсім Асфендияроваға мемориал ашылды. Құлпытасы жаңартылып, зират маңы абаттандырылды. Қазақстан елшілігінде ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, әйгілі дәрігер есімі ұлықталды. Гүлсім Асфендиярова - Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. Ол бауырының медицина мамандығын таңдауына, білікті дәрігер болып қалыптасуына ықпал еткен. Ал өзі кәсіби мансабында акушерлік-гинекология ісін ілгерілетіп, күллі Түркістан өңіріндегі заманауи медицина тарихында қолтаңбасын қалдырды. Алғашқы жеке перзентхананы ашып, акушерлерді даярлау курстарын ұйымдастырған. Ұзақ уақыт бойы оның жерленген жері белгісіз болып келген еді. Тек 2021 жылы «Қазақтарды еске алу» тобының еріктілері, Асфендиярованың мәңгілік тыныс тапқан мекенін, Ташкенттегі Боткин зиратынан тапты. Сол уақыттан бастап отандық ғалымдар көршілес елдің мұрағатынан, Гүлсім Асфендиярова жайлы деректерді жинақтай бастады.

Марат Шоранов, С. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ ректоры:

-Гүлсім Сейітжафарқызы Санжар Асфендияровтың әпкесі ретінде оның мамандық таңдауына ықпал етті. Университетіміздің негізін қалаған Санжар Асфендияров әуелгіде Санкт-Петербургке барып, әскери университетке оқуға түсуді жоспарлайды. Кейін ол мамандық таңдау бойынша әпкесімен ақылдасып, одан кеңес сұрайды. Осы ретте Гүлсім Асфендиярова інісіне болашағын әскери-дәрігер мамандығымен байланыстыру туралы ұсыныс айтып, оның медицина маманы атануына себепкер болады.