Хабар телеарнасы

МӘМС қолжетімді ме?

МӘМС жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайды. 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2024 жылы 2,8 трлн теңгеге дейін өсті. Жаңа жүйені іске асыруда көптеген қиындық туындағаны рас. Қазір жауаптылар түйткілдердің түйіні кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтып отыр. 

Дәрігердің қабылдауына жазылып, кеңесін алуға қанша уақыт кетеді? Осыны анықтау үшін Талғат Омаров 2,5 ай бұрын өзіндік тәжірибе жүргізгенін айтады.

Талғат Омаров, Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы:

-Терапевтке кезек толған 2 айға сол себепті қабылдай алмаймыз деді. Жақсы 2 апта күттік, енді сізді 10 күннен кейін осындай терапевт қабылдайды деді. Бардық. 10 күннен кейін ол басқа маманға жазды, ол маман 2 аптадан кейін қабылдайтын болды. 2,5 ай өтті ем жоқ.

Дәрігердің қабылдауына жазылуда кедергі көп дейді кейіпкеріміз. Осы себептен де ақылы медициналық көмекке жүгінетіндер аз еместігін айтады. Бірақ медицина профессоры Төлебай Рахымбеков бұл пікірмен келіспейді. Жүйе әлеуметтік болғандықтан, ауырмасақ та, ауырғандарға қол үшін созу маңызды. Денсаулықты алдын ала сақтандыру дегенді түсінетіндер аз дейді.

Төлебай Рахымбеков, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

-Халықта әлі қалыптаспаған денсаулықтың құндылығы деген. Ертең маған керек болады-ау, денсаулығым жақсы болса, бір травма алып қаламын ғой, апатқа түсіп қаламын ба, оның бәрін ойламайды ғой қазір мына жастар, денсаулығы мықты кісілер ойламайды.

Бүгінде елімізде сақтандырылған 16 миллион 600 мың адам бар десек, соның 12 миллионы МӘМС-ке жарна аудармайды. Сондықтан бұл санаттағы азаматтардың ем-домы мемлекет есебінен өтеледі. Арасында қарттар да, балалалар да, әлеуметтің осал топтағылар да бар.

Ғалымжан Әбіл, медициналық сақтандыру қоры басқарма басшысының орынбасары

-Біздікі біріншіден әлеуметтік деп айтып кеттік. Сондықтан бүкіл азаматтарды қамтитын медициналық көмек болу керек. Ал оның енгізілу себебі бұл біріншіден, медициналық көмектің қолжетімділігі. Шын айтсақ, жалпы бюджет жыл бойы 2,8 трлн болса, жалпы кепілдендірілген көмектің көлемі 1-ақ миллион. Қалған 1,8 триллион ақшасы МӘМС жүйесіндегі. 

«Бұл қаражат есебінен медициналық қызметкерлердің жалақысы көбейеді. Сол арқылы қолжетімділік артады»,– дейді жауаптылар. Ал жүйеден тыс қалған 3,5 миллионға жуық азаматты сақтандыру - күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Айта кету керек, президент тапсырмасымен осы саладағы күрделі мәселелерді шешу үшін жаңа заң жобасы әзірленді. Соған сәйкес медициналық көмектің бірыңғай пакеті қалыптастырылады. Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда сондай-ақ онкологиялық скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады.

Авторлары: Дана Әлиева, Айбын Құсанбеков, Қанат Абильдин