Астанада халықаралық экология саммиті өтеді

  • 1799
  • 23.02.2026, 21:50

Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жаңа кезеңге аяқ басты. Көкарал бөгетін екі метрге көтеру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, қазір мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Үкімет жақын арада жобаны қаржыландыру және жұмыстарды бастау туралы шешім қабылдайды. Ал Аралдың түйінді мәселелері сәуір айында өтетін Халықаралық Экология саммитінде қаралмақ. 

Арал – адамзат қолымен жасалған ең ірі экологиялық апат аймағы. Теңіздің тартылуы балық шаруашылығын тоқтатып, мыңдаған адамды жұмыссыз қалдырды. Тұз бен шаң дауылы аймақ климатына кері әсерін тигізіп, халық денсаулығына қауіп төндірді. Дегенмен Дүниежүзілік банктің қолдауымен және мемлекет тарапынан жүргізілген шаралардың арқасында Солтүстік Арал қалпына келе бастады. Теңізде су көлемі артып, балық қайта оралды. Табиғи қорық құрылып, жан-жануарлар тіршілік ете бастады. 1 млн-нан астам гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. 

Алпамыс Данабек, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

-Өздеріңізге белгілі бір сексеуіл 40 мың 4 тоннаға дейін топырақты ұстай алады. Бұл деп отырғанымыз сол жердегі ұшқан құм мен тұзды тоқтатуға үлкен мүмкіндігін береді. Қазіргі уақытта 500 мың гектар алқап орманды алқапқа айналды. Біз ары қарай жұмыстарды жалғастыратын боламыз. 

Қазіргі таңда Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жаңа кезеңге аяқ басты. Мақсат - алдыңғы нәтижелерді нығайту, Кіші Аралды тұрақты сақтау үшін кешенді, гидротехникалық, экологиялық және әлеуметтік шараларды тиімді жүзеге асыру. Кіші Арал  әрдайым Мемлекет басшысының назарында. Жуырда ғана V Құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатқанын атап айтып, тиісті министрлікке нақты тапсырма берген еді. Мәселе, Үкіметте де қаралды.

Ердос Құлжанбеков,  ҚР СРИМ СШК Гидромелиорация дамыту басқармасының басшысы, , ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.  Көкарал бөгетін екі метрге көтеріп, 44 метрге дейін биіктету жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталды. Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Үкімет жақын арада жобаны қаржыландыру және жұмыстарды бастау туралы шешім қабылдайды. Ең бастысы, негіз бар.

Қазіргі таңда Солтүстік Арал теңізінің су көлемі шамамен 23 млрд текше метр. Ал теңізді қалпына келтірудің екінші кезеңінде ондағы су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Ал көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Міне, сондықтан сәуір айында Астанада Халықаралық экология саммиті өтпек. Онда теңізді құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесі кеңінен талқыланбақ.