Қарағанды облысында су қоймасының жағасы тазаланды
Саран қаласының 100-ден астам белсендісі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында су қоймасының маңын қоқыстан тазалады. Жағалауда мұндай іс-шара жазда бірнеше рет өткізілген. Бұл жерге тұрғындар жиі келіп демалатындықтан, шашылған қоқыс үнемі жиналады.
Бүгінгі акцияны белсенділер қаланың 70 жылдық мерейтойына арнады. Олар бұған дейін шаһардың саябағы мен гүлзарларын, ойын алаңдарын, қарттардың ауласын тазалап, абаттандыруға атсалысқан. Енді ағаш егуді жоспарлап отыр.