Хабар телеарнасы

Ірі кәсіпорындар автоматтандырылған экологиялық бақылау жүйесін енгізеді

Қоршаған ортаға залалы тиетін барлық кәсіпорындар заманауи автоматтандырылған мониторингтік бақылау жүйесін орнатуы қажет. Ол кәсіпорынның экологиялық ахуалын орталықтан басқаруға мүмкіндік береді.

Ел аумағында 91 кәсіпорынның 62-сі аталған жүйені енгізді. Оның ішінде 34 кәсіпорын Қоршаған ортаның жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне қосылған. Қалғаны бұл жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Осы орайда жауапты ведомство: «Нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс керек»,- дейді. Егер экологиялық мәліметтер бір тәулік ішінде жіберілмесе, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

Табиғаттың тазалығын сақтаудың тағы бір жолы – орман қорын ұлғайту. Соңғы 3 жылда республика бойынша 975 млн түп ағаш отырғызылыпты. Бұл жұмысты ширату үшін бірнеше жоба жүзеге асырылады.

Данияр Тұрғамбаев, ҚР Табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін «Семей орманы» резерватында жабық тамыр жүйесі бар екпе материалды өсіру бойынша ағаш тұқымы кешені тәжірибесі кеңінен қолданылатын болады. Аталған кешеннің ерекшелігі стандартты көшет материалын өсіру мерзімін екі жылдан бір жылға дейін азайтуға, сондай-ақ орман дақылдарының жерсінуін 90%-ке дейін арттыруға дейін мүмкіндік беретін инновациялық технологияны қолдану.