Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл
Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл. Айтулы датаға орай Ұлттық архивте Фариза Оңғарсынованың жеке текті қоры салтанатты түрде ашылды. Көрмеде ақынның өз қолымен жазған отбасылық шежіресі мен өмірбаяны, «Көгершіндерім» өлеңдер жинағынан қолжазбалар, Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығында сөйлеген сөзі, ноталары мен бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттері және хаттарынан жинақталған 50-ге жуық құжат таныстырылды. Сондай-ақ «Астана Опера» театрында әдеби-сазды кеш өтті. Жиылған көпшілік Манаштың баласы боп дүниеге келіп, поэзия падишасына айналған жыр жампозының өлеңдерінен сусындады. Оның туындылары – рухани еркіндіктің, сыршыл сұлулықтың символы. Фариза Оңғарсынова халық қалаулысы, қоғам қайраткері ретінде мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне үлкен үлес қосты. Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстап, соңына көптеген шәкірттер ертіп, ғибратты өмір сүрді.
Алмас Оңғарсынов, ақынның ұлы:
-Түкпір-түкпірден Қазақстанның ақын-жазушылары келіп жатыр. Олар да естеліктерін айтып, бізді бір серпіліске түсірді. Балажан болды өте, үйдің шаруасына да үлгерді, қоғамның шаруасымен де айналысты. Көмек көп көрсеткен адамның бірден бірі – Оңғарсынова. Сол жағынан басқа ер адамдардан да ерекшелігі болды. Сондықтан Оңғарсынованы бәрі жақсы көреді, сондықтан оны құрметтейді.