Қайтарылған активтер қайда жұмсалады?
Жыл басынан бері заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссия 1 триллион теңгеге жуық активтерді қайтару шараларын бекітті. Соның 92,1 млрд теңгесі әлеуметтік жобаларға бағытталған. Нақтырақ айтқанда, балабақша мен мектеп, ауруханалар салынып жатыр. Бүгін ғана Үкіметте Петропавлда 280 орындық балабақша құрылысына арнаулы мемлекеттік қордан 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.
Жаңа балабақша күннен-күнге кеңейіп келе жатқан «Жас Өркен» шағын ауданында салынатын болды. Бұл ауданда қазір мектепке дейінгі 3 мекеме жұмыс істейді. Бірақ әрқайсысында бала саны көп. Балабақша кезегінде тұрғандары да аз емес.
Анна Калинина, балабақша тәрбиешісі:
-Әрине біздің ауданға балабақша керек. Ауданымыз күннен-күнге өсіп жатыр. Жас отбасылар, әсіресе балалы отбасылар саны артып келеді. Бұл аймақта бізден басқасы жекеменшік балабақша. Ал оған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Мемлекеттік балабақшаға келгісі келетіндер көп. Бірақ орын жоқ.
Балабақша құрылысы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайтып, балаларға сапалы білім берудің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Петропавлда мектепке дейінгі ұйымдарға орналасуға шамамен 3 мың бала кезекте тұр, олардың жартысы – 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар.
Айнагүл Сұрағанова, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы:
- Біздің басты мақсатымыз - балаларға сапалы білім мен тәрбие беру, олардың үйлесімді дамуына жағдай жасау. Осы себептен де, жергілікті атқарушы органдар халық көп орналасқан, әсіресе бала саны көп «Жас өркен» ықшам ауданында балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуді қолға алып отыр. Қазіргі таңда 280 балаға арналған балабақшаның құрылысы басталды.
Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен Атырау облысындағы Жамансор және Ұлытау өңіріндегі Манадыр ауылдарында мектептер, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешені және Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешені құрылысын аяқтауға арналған жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылданған.
Авторы: Алуа Маханбет