Хабар телеарнасы

Қоршаған ортаны қорғау жоспарын орындамаған әкімдер заңмен жазалануы тиіс – министр

Қоршаған ортаны қорғау жоспарын орындамаған әкімдер заңмен жазалануы тиіс. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжіліс комитетінің отырысында осындай ұсыныс айтты. Оның сөзінше, 2020-2024 жылдарға жоспарланған 500 іс-шараның тек жартысы ғана жүзеге асқан. Ал өңірлерге бұл үшін биылдың өзінде 521 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондықтан министр заңға өзгерістер енгізіп, бұл міндетті орындамаған атқарушы органдарды жауапқа тарту керек,-дейді. Сондай-ақ ведомство инспекторлары, биыл жекелеген компанияларға қатысты тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 2 мыңнан астам заң бұзу фактісін анықтап, 80 млрд теңгеге айыппұл салды. Оның 26 миллиардын - Атыраудағы мұнай компаниялары төледі.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Айыппұлдардың ең көп саны келесі компаниялар бойынша өндірілді. "Каспий мұнай" компаниясы – 13,6 млрд теңге; "НКОК" компаниясы – 12,4 млрд теңге; "Karabatan Utility Solutions" компаниясы – (Карабатан Ютилити Солюшнз) 7,2 млрд теңге; "Теңізшевройл" компаниясы – 2,8 млрд теңге.