Қазақстандағы ірі кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсат алуы керек
Қоршаған ортаның ластануын төмендету үшін биылдан бастап Қазақстандағы ірі зауыттар мен кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсат алуы тиіс.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ең жақсы қолжетімді технологияға көшу бойынша 16 анықтамалық әзірлепті. Соған сәйкес әрбір кәсіпорын өндіріс барысын кезең-кезеңімен жаңғыртуы тиіс. Былтырдың өзінде жетпіске жуық компанияға автоматты бақылау жүйесі орнатылған. Ол жүйелер мамандарға шығарындылардың көлемі мен сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Осының нәтижесінде елімізде зиянды заттар көлемін 300 мың тоннаға азайту көзделген. Мәселен, ERG компаниялар тобы алдағы 10 жылда қатты бөлшектер шығарындыларын 56%-ке, төгінділерді 30%-ке, су тұтыну көлемін 33%-ке азайтады. Сондай-ақ өндіріс қалдықтарынан алынған қайталама материалдарды өңдеуге 228 млрд теңге бөлу жоспарда.