Хабар телеарнасы

Қазақстанның 8 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасты

«Қазгидромет» тек Қарағанды емес, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Атырау, Алматы мен Астана қалаларында да ауаның ластануынан қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқанын ескерткен еді.

Ауаның ластану мәселесі әсіресе Шығыс Қазақстанда өзекті. Осы өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты салынады. Сондай-ақ өңірде «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы шеңберінде бірқатар іс-шара іске асырылып жатыр. Экология министрлігіне 7 жоба жолданды. Оның бірі Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы келісудің бастапқы кезеңінен өтті. Негізінен жобалар Өскемен қаласының ауасын жақсартуға бағытталған. Өйткені қалада ірі зауыт көп. Жағдайды бақылауда ұстау үшін «Қазгидрометтің» 10 бекеті орнатылған.

Еламан Мұхтарханов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Жобалардың бірі Экология министрлігі арқылы, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы келісудің бастапқы кезеңінен өтті. Зауытты жаңа технологиялар бойынша салу жоспарлануда. Қасына жаңа полигон саламыз. Жалпы жаңартылатын энергия көздеріне көшу аясында облыста 8 энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді.