Ұлттық банк базалық мөлшерлемені сақтап қалды
2020 жылғы сәуірде Қазақстандағы ахуал сыртқы экономикалық жағдайлардың нашарлау ықпалымен дамуда. Коронавирустың таралуы аясында карантин шаралары ұзартылды.
Әлемнің ірі экономикалары іскерлік белсенділіктің төмендеуіне ұшырауда. Бұл әлемдік сауданың, өндірістің, көрсетілетін қызметтер салаларының көрсеткіштеріне ықпал етеді. Мұнай нарығындағы ахуал сұраныс пен ұсыныстың сақталып отырған теңгерімсіздігі аясында тұрақсыз болып қалуда. 2020 жылғы наурызда Қазақстан Республикасында инфляциялық тәуекелдер іске асырыла бастады.
Коронавирустың таралуы аясында әлемдік экономикада рецессия байқалуда. ХВҚ соңғы болжамдары бойынша 2020 жылы әлемдік экономиканың, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптес елдерінде, 3,0%-ға құлдырауы күтіледі. ЭО экономикасының 7,5%-ға, Ресей – 5,5%-ға құлдырауы болжануда, Қытай экономикасы өсуінің 1,2%-ға дейін бәсеңдеуі бағалануда. Мұнай нарығындағы құбылмалық әлемдік сұраныстың төмендеуі және қорлардың өсуі, сондай-ақ эпидемияның ұзақтығына қатысты белгісіздік аясында сақталуда. Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 34,1 АҚШ долларына жеткен сәуірдің басындағы қысқа мерзімді жанданудан кейін ағымдағы жылғы 22 сәуірде ол бір баррель үшін ғасыр басынан бергі ең төменгі баға – 16 АҚШ долларынан төмен мәнге дейін азайды. 2020 жылғы 27 сәуірде таңертеңгі жағдай бойынша Brent сұрыпты мұнай бір баррель үшін 20,6 АҚШ доллары бағасы бойынша саудаланды. ОПЕК+ қатысушылары мұнай нарығын тұрақтандыру үшін мұнай өндіруді күніне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы келісімге келді. Ахуалдың бұдан былайғы дамуы әлемдік экономиканың баяулау және әлемде мұнай тұтынудың төмендеу тәуекелдеріне байланысты және негізгі мұнай өндіруші елдердің оны өндіруді шектеу және тиісінше мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестіру бойынша нақты қадамдарына, сондай-ақ рецессияның ұзақтығына және әлемдік экономиканың қалпына келу жылдамдығына байланысты өрбиді. Әлемдік жиынтық сұраныстың төмендеуі Қазақстанның экономикалық белсенділігінің көрсеткіштерінде көрініс береді.
ҰЭМ СК алдын ала бағалауы бойынша нақты ІЖӨ-нің жылдық өсімі 2020 жылғы бірінші тоқсанда 2,7%-ды құрады. Ұлттық Банк кәсіпорындарды пікіртерім негізінде ай сайын бағалайтын іскерлік белсенділік индексі 2020 жылғы ақпандағы 49,1%-бен және қаңтардағы 50,1%-бен салыстырғанда 2020 жылғы наурызда 41,5%-ға дейін төмендеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңартылған болжамдары бойынша нақты ІЖӨ-нің 2020 жылы төмендеуі 0,9%-ды құрайды. Өз кезегінде, Ұлттық банктің бағалауы бойынша төмендеу сыртқы сектордың даму перспективаларын барынша теріс бағалау аясында 1,3%-ға жетуі мүмкін. Қазақстанда сыртқы ортаның өзгеруіне жиынтық сұраныстың барынша баяу әсері ағымдағы жылдың басындағы жоғары қарқынға байланысты болды. 2020 жылғы қаңтар-наурыздағы негізгі капиталға инвестициялардың өсімі 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы 11,6%-бен салыстырғанда 5,1%-ға дейін баяулады. Мемлекет тарапынан халықтың кірістері мен жұмыспен қамтылуын қолдау бойынша қабылданатын шаралар жиынтық сұранысты ынталандыратын болады, ол өз кезегінде экономикалық белсенділіктің кезең-кезеңімен қалпына келуіне септігін тигізеді.
Жылдық инфляция 2020 жылғы наурызда 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегінен асып, 6,4%-ға дейін артты. Азық-түлік тауарлары бағасының 9,3%-ға (2020 жылғы ақпанда 8,6%-ға) дейін өсу жылдамдығы негізгі үлес қосты. Жылдық азық-түлікке жатпайтын инфляция 2020 жылғы 1-тоқсанда өзгеріске ұшыраған жоқ және 5,5% болды. Ақылы қызметтер алдыңғы жылғы реттелетін коммуналдық қызметтер бағаларының әкімшілік төмендеуі әсерінің таусылуы нәтижесінде 3,5%-ға қымбат болды. Әлемдік экономика дамуының белгісіздік тәуекелдері және мұнай бағасының ағымдағы деңгейде сақталуы кезінде теңгенің айырбастау бағамының ішкі бағаларға ауысу әсері ескеріле отырып, инфляция 2020 жылдың соңында 9-11% дәлізінде қалыптасады. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан былайғы шешім экономиканың қалпына келу қарқынына, инфляциялық тәуекелдер балансына, жиынтық сұраныс деңгейіне, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларын ескере отырып қабылданатын болады.