«ҚазМұнайГаз» дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірледі
Еліміздегі жетекші компаниялардың бірі «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы алдын алу шараларының нәтижесінде бірінші тоқсандағы негізгі өндірістік көрсеткіштерді сақтап қала алды. Алда әлі де кедергілер көп. Сондықтан компания басшылығы дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірледі.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы бірінші кезекте өндіріске қатысы жоқ операциялық, әкімшілік және күрделі шығындарды оңтайландыруды қолға алды. «2020 жылы жалпы қысқартулар сомасы жоспармен салыстырғанда 127,3 млрд теңгені құрайды», – деді «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасының орынбасары – Қаржы директоры Дәурен Қарабаев.
Дәурен Қарабаев, «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасының орынбасары – Қаржы директоры:
- Жедел шара ретінде қазірдің өзінде 2020 жылға жоспарға қарағанда 87,4 млрд теңге күрделі шығындарды алып тастадық. 5 жыл ішінде күрделі шығындардың азаюы 406,4 млрд теңгені құрайды. Ал 2020 жылға арналған жалпы және әкімшілік шығындар, консалтинг қызметтері мен басшылықтың сыйақы қорынан бас тартуды қоса алғанда 15,7 млрд теңгеге азайтылды.
Ұзақ мерзімді шараларды іске асыру үшін Ұлттық компания 2021 жылдың соңына дейінгі дағдарысқа қарсы бағыт-бағдарын әзірледі. Қазіргі таңда компанияда операциялық модельді қайта құрылымдау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Дәурен Қарабаев, «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасының орынбасары – Қаржы директоры:
- «ҚазМұнайГаз» бизнеске арналған ең төменгі шығындармен дағдарыс салдарын еңсеруге және тиімді шешімдер қабылдап, қабілетті басқаруда неғұрлым икемді болуға тиіс. Компания бірқатар қызметтен бас тартып, негізгі міденттердің шешіміне ден қою үшін еншілес кәсіпорындармен өзара іс-қимыл тетіктерін қайта қарастыруға ниетті.
Ұлттық компания басшылығы өндірісті және кадр әлеуетін сақтай отырып, табысқа кері ықпал ететін жағдайларды азайтуға күш жұмсайтындарын атап өтті.
Авторы: Жандос Айтбайұлы