Үкімет 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын шығарды
Үкімет басшысы жаһандық теріс ықпалдардың аясында биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ 1,8% төмендегенін атап өтті. Бұл ретте экономиканың нақты секторында тұрақты өсім байқалған. Тауарлар өндірісі 4,1%-ға өскен.
Негізгі драйверлер құрылыс (+11,2%) және өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) болды, олардың өсімі автомобиль жасау (46%), фармацевтика (24%), дайын металл өнімдерін өндіру (20%), жеңіл өнеркәсіп (8%), резина және пластмасса бұйымдарының (8%) және қағаз өндірісі (15%) есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар тау-кен өндірісі өнеркәсібінде (2,2%) оң динамика байқалды. Еліміз бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру 7,3%-ға өсті. Дегенмен, төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларын енгізу аясында биылғы 6 айда қызмет көрсету секторында 5,6%-ға төмендеу байқалған. Жылдық инфляция 7% құрады.
Еліміз бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша орташадан жоғары деңгейдегі өсім Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында қамтамасыз етілді. Қостанай, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің оң екені байқалды, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жекелеген көрсеткіштердің теріс екені байқалды. Қызылорда, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары көптеген көрсеткіштер бойынша орташа республикалық деңгейден артта қалған.
«Қазіргі кезде Үкіметтің негізгі міндеті – коронавирус індетінің және жаһандық дағдарыстың теріс салдарын жою, елімізде жұмыспен қамтуды қолдау. Осы мақсатта ауқымды шаралар қабылданып жатыр», – деді А. Мамин.
Премьер-Министр Үкімет бизнеске салықтық жүктемені жеңілдетумен және бюджет шығыстарын экономикалық белсенділікті қолдауға бағыттай отырып, контрциклді макроэкономикалық саясатты іске асыруды жалғастыратынын атап өтті. Адами капиталды дамыту, институционалдық реформаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады, тікелей шетелдік инвестицияларды жаппай тарту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін жағдайлар жасалады.
«Үкімет экономиканы тұрақтандыру, жұмыспен қамту деңгейінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың табысын қолдау жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деді А. Мамин.