Ұлттық банк тамыздағы теңге бағамына қатысты түсінік берді
Сондықтан қаржы нарығын реттеуші орган валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Тамызда мұнай нарығындағы жағдай құбылмалы болды. Бірақ соған қарамастан теңге бағамы 0,2% ғана әлсіреп, 425-тің төңірегінде тұрды. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, экспорттаушы компаниялардың көбі тамыз айында тоқсандық салықтарды төлейді. Сондықтан бұл айда түскен төлемнің көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда көбірек болған.
Ғазиз Көрпебаев, ҚҰБ Монетарлық операциялар департаменті басқармасының бас маманы:
- Экспорттаушылардың салық міндеттемелерін орындау үшін шетел валютасын сатуы мұнай бағасының төмендеу жағдайында теңгенің құбылмалылығын шектеді. Жалпы алғанда тамыз айында нарық теңдестірілген жағдайда болғанын және Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізбегенін атап өткен жөн.
Нарықта қолма-қол шетел валютасының көлемі ұлғайып, оған сұраныс арта түсті. Мәселен, биылғы жылғы маусымда халық 555 млн АҚШ долларын сатып алса, шілдедегі көрсеткіш бұдан шамамен 70 млн доллардай артық.
Ғазиз Көрпебаев, ҚҰБ Монетарлық операциялар департаменті басқармасының бас маманы:
- Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан міндетті сатулар және бюджетке трансферттерді жүзеге асыруға арналған Ұлттық қор қаражатын конвертациялау бойынша операциялар теңгеге қосымша қолдау көрсетті.
Тамыз салық айы болғандықтан, Ұлттық қорға түсетін түсімдердің де көлемі өсіп отыр. Яғни шетел валютасындағы түсімдер көлемі 506 млн АҚШ долларына жетті. Рейтингтік агенттіктердің пікірінше, Ұлттық Банктің инфляциялық таргеттеу режимі мен құбылмалы айырбастау бағамы шеңберіндегі саясаты Қазақстанның макроэкономикалық және сыртқы орнықтылығын қолдайды.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Ентебеков