Қарағанды облысында жаңа кәсіпорындар ашылды
Олардың барлығы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жаңа жобалар көбейгендіктен, өткен жылы экономикалық аймақтың аумағын кеңейтуге тура келген. Судай жаңа өндірістік желі жақында ғана Тайваньнан жеткізілген. Қазір мамандар қондырғыларды орнатып жатыр. Келешекте бұл жерде полимер плиталар өндіріледі.
Ренат Минхаилев, компания қызметкері:
-Қазақстанда бұл өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұған дейін аз көлемде сырттан тасып келдік. Енді тапсырыс ұлғайған соң, импортты алмастыратын отандық өнім шығаруға бел будық. Бұл полимер плиталары мұнай-химия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Құбырды жөндеуге, ескі турбиналарды қалпына келтіруге таптырмайтын өнім.
Кәсіпорын «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қазір мұнда жаңа желіден бөлек геомембраналар өндірісі іске қосылған.
Юрий Игнатов, компанияның бас директоры:
-Геомембрана өндірістік қалдықтарды сақтайтын қоймалар салғанда қолданылады. Қоршаған ортаны қорғауға өте қолайлы өнім.
Жаңа кәсіпорындарға шикізат пен қондырғылар шет мемлекеттерден жеткізілсе, өнімнің құрамын отандық ғалымдар ойлап тапқан. «Сапасы импорттық тауарлардан еш кем емес», – дейді мамандар. Сондықтан болар, тау-кен өнеркәсібіндегі диірмендерге арналып жасалған мына қосалқы бөлшектерге қазір сұраныс артыпты.
Қуандық Қазанғапов, компания директоры:
-Көлемі жаңағы біз бір айда 2 комплектіден шығарып жатырмыз. Болашақта екіден бастап 10 комплектіге дейін шығаруға біздің мүмкіншілігіміз бар. Оған дополнительно оборудование алып жатырмыз.
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында қазір 9 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Тағы 12 жоба жүзеге асып жатыр. Тартылған инвестиция көлемі 100 миллиард теңгеден асқан.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар