Елді мекендер инфрақұрылымын қалпына келтіруге қосымша 13,7 млрд теңге бөлінеді
Газбен жабдықтау жұмыстарын одан әрі жақсартуға 14 млрд теңге бағытталады. Бұл газдандыру деңгейін 61,6% дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сенатта өткен жалпы отырыста алдағы үш жылдың бюджетін бекіту кезінде осы мәселелерге басымдық берілді. Палата Спикері ел Президенті әлеуметтік салаға баса мән беріп отырғанын айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев елде қымбатшылықты болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Отандық тауар өндірушілердің өнімдерін ірі сауда желілері алдыңғы сөрелерге қоймайды. Ол жерде импорттық тауарлар тұрады. Ал алдыңғы сөреге қою үшін қомақты қаржы талап етеді екен. Отандық тауар өндірушілердің ондай мүмкіндігі жоқ. Ал шетелдіктер бұл талаппен келісіп, ақшасын төлейді. Мұның екі салдары бар. Біріншісі – үстеме баға артады, инфляция пайда болады. Екіншісі – біз отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетпейміз.