Былтыр Қазақстан—Еуропалық Одақ тауар айналымы 38% өсті
Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы тауар айналым былтыр 38% өсіп, 40 миллиард долларға жетті. Екі тарап серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі. Атап айтсақ, Қазақстан Еуропаға құны 2 млрд доллардан асатын 175 тауар экспорттын ұлғайтуға дайын.
Бұл туралы Алматыда өткен Еуропалық одақ — Орталық Азия екінші экономикалық форумында айтылды. Осыған дейін екі тарап арасында 29 саланы қамтитын келісімге қол қойылған еді. Енді осы уағдаластықты тиімді жүзеге асыру үшін Қазақстанға қосымша 9 млн еуро бөлінуі мүмкін. Сондай-ақ 2023-2024 жылдарға арналған тұрақты шикізат, қуат көзі және жанартылатын сутегі бойынша стратегиялық серіктестіктің жол картасы қабылданды. Кәрі құрлықпен сауда айналымын арттыру үшін Транскаспий дәлізі қолданылады. ЕуроОдақ өкілдерінің айтуынша, бұл екі жақты байланыстыратын басты көпірге айналуы мүмкін.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Сауда-экономика, логистика, аса маңызды шикізат өндіріс материалдары және жасыл экономика саларында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша пікір алмастық. Тауарларды жеткізудің жаһандық тізбегін қамтамасыз ету үшін көлік маршруттарын дамытудың маңызы өте зор. Бұл ретте бізЕуропалық Одақтың Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысу мүмкіндігін қарастырдық.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов форум аясында бірқатар кездесу өткізді. Соның бірі — Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жаппаровпен келіссөз. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 7,5% өсіп, 1 млрд доллардан асты. Енді осы көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізу жоспарланып жатыр. Тараптар кездесуде сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту, ауыл шаруашылығы мен су-энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қос тарап ынтымақтастықты нығайтуға дайын.