Хабар телеарнасы

Елімізде жыл басынан бері 2 млн 600 мың тонна бензин отыны өндірілген

Бұл жоспардан 200 мың тоннаға артық көрсеткіш. Өндірілген дизельдің көлемі де көп. Сондай-ақ биыл 303 мың тонна авиаотын шығарылған. Мамандардың айтуынша, қазір елдегі жанар-жағармайдың қоры жеткілікті. Мәселен Дизель отынының 26 күнге жететін 430 мың тонна қоры бар. Авиациялық керосиннің жинақталған 80 мың тоннасы бір жарым айға жетеді. АИ-92 маркалы бензиннің қоры — 280 мың тонна. Бұл 24 күнге жетеді. Ал АИ-95 бензинінің жинақталған 50 мың тоннасы 19 тәулікке жеткілікті. Мамандар өнім көлемін тағы да көбейтуді көздеп отыр. Тиісінше қазір Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттары кезең-кезеңімен іске қосылып келеді.

Дмитрий Макеев, Ұлттық мұнай-газ компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:
-Зауыттағы қондырғылар бірден іске қосылмайтыны түсінікті. Павлодар зауытында қазір біз жөндеудің бірінші кезеңі аясындағы қондырғыларды іске қостық. Яғни жабдықтар кезең-кезеңмен жұмысын бастайды. Барлық технологиялық қондырғыларды іске қосу шамамен екі аптаға созылады. Дегенмен Павлодар зауытында қазірдің өзінде тауарлық өнім өндіру үшін тиісті компонеттерді шығару басталды. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытында да осы аптаның соңына дейін өндіріс жұмысы толық тұрақталады.