Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге трансферт тартылады
Осылайша бюджетке түсетін түсімдер 20,4 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Мұндай болжаммен Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бөлісті. Оның сөзінше, трансферттен тартылған қаржы автомобиль жолдарын жөндеуге, жылу, газ, су және инженерлік желілерді жаңғыртуға жұмсалады. Жүздеген әлеуметтік нысан салынады. Ал бюджет шығындары биылға қарағанда, 1,5 трлн теңгеге өсіп, 24 трлн теңгеге жетеді. Бюджеттегі қаржының басым бөлігі – мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, сондай-ақ өңірлерді дамытуға жұмсалмақ.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі:
- Индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,6 трлн теңге қарастырылған. Отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылға 93,3 млрд теңге көзделген. 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас деңгейінде сақталды. Бұл 473 млрд теңгені қажет етеді.
Мәжілістің жалпы отырысы бір минут үнсіздіктен басталды... Халық қалаулылары Костенко шахтасында қаза тапқандарды осылай еске алды. Депутат Арман Қалықов ірі кәсіпорындарды тексеруге салынған мораторийді алып тастауды ұсынды. Айтуынша, соңғы 4 жылда «АрселлорМиттал» кеншілердің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында 200 млрд теңге табыс тапқан. Алайда қызметкерлер қауіпсіздігі ескерусіз қалды. Жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалды. «Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейтуі қажет»,- дейді депутат.
Арман Қалықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әрбір кенші үйіне аман-есен оралатынын білуі керек. Сондықтан еңбекті қорғау жөніндегі Заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Біз қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмысты жалғастырамыз. Бұдан бөлек елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді.