Қазақстанды қуатты экономикалық серпіліс күтіп тұр
Президенттің жаңа экономикалық саясаты өнеркәсіптік революцияға жол ашады. Еліміздегі машина жасаушылар одағы республикалық басылымдарда осындай мақала жариялады. Онда аталған салада сең қозғалғаны айтылады.
Соңғы жылдары мемлекеттен 600 млрд теңге бағытталды. Ол қолдау қазірден жемісін бере бастаған. Алдағы 5 жылда 37 бағытты қамтитын Қазақстанның машина жасау саласы 4,5 есе өсуі тиіс.
2019 жылы Мемлекет басшысы өз Жолдауында машина жасау саласын дамытуға ерекше назар аударды. Себебі ресурстық базасы орасан зор мемлекетте аталған саланың кенжелеп қалуы нонсенс еді. Тиісінше саланы дамыту бойынша 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, ол жерде өңдеуші бағытқа басымдық берілді.
Мейрам Пішембаев, Қазақстанның машина жасаушылар одағы ЗТБ басқарма төрағасы:
– Нақты тауарларды шығаруға кірістік. Ол – тепловоздар, электровоздар, автомобильдер, тау-кен саласына керек машиналар. Белгілі машина жасау саласындағы концерндар. Компаниялар кіріп, өздерінің өндірістерін ашты. Оның ішінде біріккен өндірістер де пайда болды. Осының арқасында 4 жылдың ішінде машина жасау саласы 3 есе өсуін көрсетті.
2019 жылы қабылданған жол картасы аясында 3,1 трлн теңгенің өнімі өндірілсе, соның 1,5 трлн, яғни жартысынан көбі – Қазақстандық үлес. Бұдан импорт алмастыру деген ұмтылысты байқауға болады. Машина жасау өнеркісібі автомобиль өндірісінен бастап, мұнай-химия, тау-кен, микро-электроника, электровоз, вагон, әскери техника, ауыл шаруашылығы сияқты 37 бағытты қамтиды. Сарапшылар болса саладағы сілкініске сыртқы геосаяси факторлардың да әсері бар деп топшылап отыр.
Марат Қайырленов, экономист:
- Қазақстанның әлеуеті зор екені түсінікті. Бұл жерде табиғи ішкі фактордан бөлек, сыртқы себептер де бар. Мәселен, көрші Ресейде машина жасау өндірісін әскери рельске қою талпынысы байқалады. Біз Еуразиялық экономикалық кеңістікте болғандықтан әлбетте көршілердегі ахуал азаматтық мақсаттағы біздің өнімдерге сұраныстың өсуіне жол ашады.
Машина жасау саласында бүгінгі күнде 5410 кәсіпорын болса, оларда 120 мыңнан аса адам жұмыс істейді. 2023 жылы шикізаттық емес секторда жалпы құны 1,6 трлн теңгеге 300 жаңа жоба ашылды. Оның 800 млрд теңгесі өңдеу өнеркісібіне тиесілі. Бұл – 170 жаңа жоба.
Мейрам Пішембаев, Қазақстанның машина жасаушылар одағы ЗТБ басқарма төрағасы:
- Теміржол, рельс жолына керек құрал жабдықтар, оборудование. Соның бәрінің 90% Қазақстанда шығарылып жатыр. Өзіміздің заводтар шығарып жатыр. Ал енді кейбір машина жасау саласын, автомобиль саласын алсақ, онда қазір 30% дейін жеткен жоқ әлі. Бірақ ондай талап қойылып жатыр. Бізде қойып отырған мақсатымыз – алда 50% дейін жету.
Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Оның түпкі мақсаты – өндіріс көлемін 4,5 есеге көбейтіп, 11,3 трлн теңгеге жеткізу. Нәтижесінде қосылған құн 1,3 трлннан 5,9 трлн теңгеге дейін жетуі тиіс. Сондай-ақ экспорт көлемін – 3 есеге, инвестиция көлемін – 1,5 есеге дейін ұлғайту міндеті тұр.
Берік Дүйсенбай, Айбын Құсанбеков