Қосылған құн салығының мөлшерлемесі. Сарапшылар пікірі
Қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12-ден 16% дейін көтеру отандық өндіріс саласының дамуын тежеп, бәсекеге қабілетсіз етеді.
Мәжілісте жаңа Салық кодексі жобасын талқылаған сарапшылар осылай дейді. Бүгінде Қазақстандағы 2 млн бизнес нысанының тек 5% ғана өндіріспен айналысады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары оларға қайта қосымша жеңілдіктер қажеттігін айтады. Себебі ел әлі де импортқа тәуелді. Ал қосымша құн салығының өсімі әуелі тұтынушылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Салық кодексіне енетін жаңа толықтырулар мен өзгерістер 2025 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Тахмина Нағыманова, «Атамекен» ҰКП комитет төрағасы:
- Салық ставкасы өссе, тауарлар мен қызметтер қымбаттауы мүмкін. Бұл тұтынушыларға оңайға соқпайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан бизнеске салық жүктемесін өсірмейтін, ауыртпалық алып келмейтін баламалы нұсқаларды қарастыруы керек сияқты. Мұнда бизнес пен мемлекет мүддесінің теңгерімі қажет.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз бизнес өкілдері мен ірі бірлестік өкілдерін шақырып, олардың да ұсыныстарын тыңдадық. Бұдан бұрын депутаттық сауал жолдап, бизнеске салынатын салықты азайтуды, бірыңғай салық қажеттігін жеткізгенбіз. Оны 3-5% мөлшерінде белгілеуді ұсындық. Себебі салық ауыртпалығынан іскерлердің бизнесі тұралап қалуы ықтимал.