Заңсыз шығарылған 325 млрд теңгеден асатын актив мемлекетке қайтарылды
Оның арасында қаржыдан бөлек, мыңдаған гектар жер телімі, тарихи-мәдени мұра заттары, акциялар мен қымбат зергерлік бұйымдар бар. Қазір Бас прокуратура, елдегі мыңнан астам және шетелдегі 150-ден аса мүлік пен миллиардтаған теңгенің бағалы қағаздарына талдау жасап жатыр. Сондай-ақ 300-ден асатын банк шоты мен 2 триллион теңгеге жуық күдік туғызған транзакцияларды бақылауға алып отыр. Айта кету керек, 2022 жылдан бастап, экономиканы демонополизациялауды қоса алғанда, жалпы сомасы 1,7 триллион теңгенің активтері, ал шетелден 750 миллион доллар мемлекетке қайтарылған.
Саян Әбденов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
-Осы жұмыстың нәтижесінде Премьер-Министрдің басшылығымен комиссия 325 млрд теңгеден астам сомаға активтерді мемлекетке қайтару туралы келісімдер мен талап қоюларды мақұлдады, оның ішінде 272 млрд теңге теңгеріміндегі ақшалай қаражат. Олар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады.