Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры Директорлар кеңесінің отырысын өткізді
«Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін 88 пайызға жеткізу қажет. Әзірге оның үлесі - 61 пайыз ғана. Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша директорлар кеңесінің отырысында Үкімет басшысы қорға осындай тапсырма артты. Қазір ұлттық қорда құны 27 трлн теңгелік 44 стратегиялық маңызы бар жоба жүзеге асуда. Он бірінде құрылыс басталды. Құрылыс кезеңінде 53 мыңнан астам, ал жоба пайдалануға берілгенде 11 мың жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ биыл 105 млрд теңге - объектілерді газдандыруға, 272 млрд теңге - жалға берілетін тұрғын үй салуға, 680 млрд теңгеден астам сома инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталады.