Елде сұйытылған газ тапшылығы өткір тұр
Жақын уақытта автогаз бағасы қымбаттауы, жанармай ретінде қолданылып жүрген сұйытылған газдың өзі тапшы болуы мүмкін. Себебі сұраныс ұсыныстан асып барады. Оның үстіне оны өндіруші зауыттарға бұл тауарды отандық нарыққа шығару тиімсіз көрінеді. Үкімет сұйытылған газды жанармай ретінде қолдануды ысырап деп санап, оны терең өңдеуге жұмсауды жөн көріп отыр. Газ бағасы бұдан кейін де қымбаттай бере ме?
1 шілдеден бастап елімізде сұйытылған газ бағасы орташа есеппен 14,6% өсті. Себебі көгілдір отынды өндірудің өзіндік құны текше метр үшін шамамен 33 мың теңге, ал сату бағасы одан арзанырақ, 24 мың. Ортадағы зауыттардың шығынын мемлекет субсидия арқылы өтеп отыр.
Абзал Нарымбетов, мұнай-газ сарапшысы:
-Автогаз кен орындарынан тікелей шығатын өнім емес. Кен орнынан мұнай шығады, онымен бірге газ шығады. Газды пайдаға жаратудың түрлі жолы бар, оны автогазға немесе көгілдір отынға айналдырады, жер қабатына кері жіберуі болмаса жағып жіберуі мүмкін. Сондықтан кәсіпорын өзіне тиімді жолды таңдайды, егер автогаздың бағасы тиімді болса, автогаз өндірер еді.
«Бізде көлікке жанармай ретінде қолданылатын сұйытылған газ өте құнды ресурс. Оны жанармай ретінде пайдалану, жылыну үшін қағаз ақша жаққанмен бірдей»,— дейді сарапшылар. Энергетика министрлігі жыл соңына дейін 1,6 млн тонна сұйытылған мұнай газын өндіреміз дейді. Жылдағы меже осы. Алайда газбен жүретін көліктердің саны жылына шамамен 20% өсіп, қазір 600 мыңнан асып отыр. Осылай кете берсе газ тапшылығы одан әрі ушығады.
Ержан Қошқаров, Энергетика министрлігі газ өндірісі департаменті директорының орынбасары:
-2022-2024 жылдарды салыстыратын болсақ, сұйылтылған мұнай-газымен жүретін көліктердің саны күрт өсіп келе жатыр. Ол өскен көлемдегі газды зауыттар беріп үлгермейді. Сондықтан тапшылық алдағы уақытта бола береді.
Оның сыртында шекаралық аймақтарда сұйытылған газдың заңсыз саудасы қызып тұр. Себебі Қазақстанда сұйытылған газдың литрі 59-94 теңге аралығында болса, Ресейде 171, Қырғызстанда 149, Әзербайжанда 323, Тәжікстанда 183 теңге екен.
Қазір сұйытылған газдың негізгі тұтынушылары көгілдір отынмен жүретін көлік жүргізушілері және кейбір өндіріс орындары сонымен қатар, газ құбыры тартылмаған аймақтардың тұрғындары қыстың күні үйлерін жылытуға да қолданады. Алайда алғашқысының яғни көлік жүргізушілерінің үлесі басым. Елдегі сұйылтылған газдың шамамен 65% темір тұлпарларға құйылады.
Бірақ мұнай-газ саласының сарапшылары қасқалдақтың қанына айнала бастаған сұйытылған газды мұндай мақсаттарға пайдалану тиімсіз деп отыр.
Нұрлан Жұмағұлов, мұнай-газ саласының сарапшысы:
-Жалпы пропан-бутан химия саласына жұмсалатын газ. Мәселен, Өзбекстан осы пропан бутанды газ-химия саласына жұмсайды да, ал авто жүргізушілерге метан газын, ал Қытайда сұйылтылған табиғи газ.
«Газ бағасын мемлекет реттеп отыр. Бұл нарықтың заңына қайшы»,— дейді мамандар. Энергетика министрлігі алдағы 3 жылда сұйытылған газ бағасын біртіндеп көтеріп, алдымен өзіндік құн мен көтерме бағаны теңестіруді көздеп отыр. Одан кейінгі қадам 2030 жылға дейін төрт зауыт салып, газдан көп өнім түрін өндіру. Олар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының шикізаты негізінде жұмыс істемек.
Авторлары: Досжан Ысқақ. Самат Оспанов