Қазақстанда ІТ қызмет экспорты артады
2026-шы жылға қарай Қазақстанда ІТ қызмет экспортын 1 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бұл салаға шетелдің озық тәжірибелерін пайдалану керектігін айтты. Қазірдің өзінде Қазақстан GovTech саласындағы шешімдерін Тәжікстанға, Того мен Сьерра-Леонеге экспорттап, қаржы көлемін 529 млн долларға жеткізді. Ал Astana Hub 5G желілерін дамыту арқылы өнімдерінің жылдық экспортын 500 млн долларға жеткізді.
Елімізде 2021 жылдан бері «Tech Orda» бағдарламасы іске қосылып, 6 мыңнан астам білім беру гранты бөлінген. Енді ірі корпорациялар, шағын және орта бизнес секторлары сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға ықпал етеді. Келесі қадам – Тәжікстанда технологиялық парк ашу, стартаптарды қолдау және цифрлық экожүйелерді дамыту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз. Жалпы телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керек.