Әлемдік нарықта отандық бидай құны құлдырауы мүмкін
Биыл Орталық Азияда Қазақстанның астығына әдеттегідей сұраныс жоғары. Әсіресе Өзбекстан ірі тұтынушы ретінде қала бермек. Орақ науқаны әлі аяқталмаса да іргедегі ел кәсіпкерлері қазақ бидайын тонналап алуға дайын отыр. Осы тұста біздің өндірушілерді қинайтын бір жайт бар. Ол – астықты дер кезінде құрғату қуаттылығының аздығы. Осының салдарынан әлемдік нарықта отандық бидай құны құлдырауы мүмкін.
Осы күні еліміздің астық алқаптарында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қамба ризыққа толатын сәт жақын. Ал халықаралық нарықта бағаны бағамдау ісі басталып кеткен.
Алишер Махмудов, ұйымдастырушы, астық тасымалдау компаниясының басшысы:
- Қазақстаннан астық және май өнімдерін сатып алатын кәсіпкерлерді шақырдық. Бұл іс-шара 4-ші рет өтіп отыр. Биыл Қазақстаннан 100-ге жуық ірі өндіруші келді. Өзбекстан бұл салада қалыптасқан нарық. Бізде бидай импорттаушылардың үлесі басым.
Жалпы елімізде 300, ал Өзбекстанда 500-дей диірмен бар. Бидайды өңдеп, ұн шығаратын кәсіпорындар бұл елде көбейе түскен. Көршіміз жыл сайын Қазақстаннан 4 млн тоннаға жуық бидай сатып алады.
Мамандардың айтуынша, биыл да көрсеткіш осы шамада болады. Елдегі өндірушілер өнімді уақытылы құрғатып үлгерсе, ахуал жақсарады. Бірақ ылғалдың көп болуы жылда қайталанатын мәселе. Оны біржола шешу үшін «KazGrain» қауымдастығы астықты кептіру құрылғыларын көбейтіп, тасымал саласына арнайы жеңілдік жасауды ұсынып отыр.
Зейнулла Әбдуманапов, «KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:
- Қытай болсын, Өзбекстан болсын бізге мемлекет тарапынан көптеген демеу керек болады. Соның ішінде бірінші тасымалдың жеңілдігі. Тарифті көтермеу. Қазір ҚТЖ күнне тарифті көтеріп жатыр.
Қазақстандық астық өндірушілер үшін тағы бір тартымды нарық - Ауғанстан. Қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің кездесуі аясында бұл елге бидай және ұн тасымалын арттыру мәселесі талқыланды. Ал Орталық Азиямен байланыс бекем. Осы істі одан әрі ілгерілету үшін екі ел кәсіпкерлері сауда-саттықты ұлғайтпақ ниетте. Көршімізге өнімді алыстан емес, жақыннан тасымалдаған тиімдірек.
Рауан Мыңбаев