Қарағанды облысы биыл 3 трлн теңгенің өнімін өндірді
Қарағанды облысының экономикасы барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Биылғы 9 айда өңірдегі кәсіпорындар 3 триллион теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылдың осы уақытына дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда, өңірге құйылған инвестиция көлемі 14%-ке өскен.
Жыл соңына дейін облыста үш мың жұмыс орнымен қамтитын 10 жоба жүзеге асырылады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық аяқалысын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тікелей эфирде баяндады.
«Іскерлік климат» тәуелсіз рейтингі бойынша Қарағанды облысы ел көлемінде 7-ші орында тұр. Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде, - дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Ол үшін арнайы шағын өндірістік аймақтар құрылған. Мұнда бизнес өкілдері жалдау құнын арзан төлеп, кәсібін дөңгелете алады. Мұндай қолайлы индустриялды аймақтар Қарағанды мен Саран қалаларында сәтті жұмыс істеп тұр.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Республика деңгейінде және «Даму» қоры арқылы көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Біздің өңірдің де «Кәсіпкер» бағдарламасы тиімді жұмыс істеп тұр. Осындай жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлер субсидия алып отыр. Көтерме саудаға салықты 2 пайызға дейін төмендеттік. Ел бойынша біздің өңірде алғаш рет осындай жеңілдік жасалды.
Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің логистикалық даму мүмкіндіктеріне де тоқталды. Қарағандыда заманауи талаптарға сай сауда-логистикалық қоймалар ашылып жатыр. Онда 8 мың адам еңбек ететін болады. Өңірдегі тауар өндірушілерге осы қоймалардың көмегімен тауарды сапалы сақтау, жедел жеткізу қызметтері көрсетіледі.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Логистикалық қызметпен айналысатын компанияның жоспары ауқымды. Қазір оларға қосымша жер телімдерін қарастырып жатырмыз. Ол жерлерде жоғарғы «А» санатына жататын қоймалар салынады. Келешекте кез келген елге қысқамерзімде тауар жеткізудің озық жұмысы жолға қойылады.
Бүгінгі таңда Қарағанды әуежайы арқылы коммерциялық рейстер де ұшады. Эквадор, Нидерланды, Бельгия және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінен ұшақтар қатынайды. Келешекте «Қытай-Еуропа-Қытай» бағыты ашылмақ. Бұл өңірдің логистикалық әлеуетін арттыра түсері анық.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар