Хабар телеарнасы

Қазақстан Қытаймен 2,5 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сауда-саттық, инвестиция, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы сынды маңызды салалар сөз болды. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша органикалық және экологиялық таза өнімдердің өзара сауда айналымы 5,8%-ға артыпты. Сондай-ақ биыл  Қытайдан Еуропаға жіберілген жүктің 3,4 млн тоннасы Қазақстан арқылы өткен. 2030 жылға қарай оның көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.   

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Өткен жылы тауар айналымы 32 пайызға өсті. Жоғары деңгейде қойылған тапсырмаға сәйкес біз алдағы уақытта өзара сауданы екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Жан-жақты стратегиялық әріптестігіміз тереңдей түсуде.

Ли Цян, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері:
- Бізді 1700 шақырымнан асатын ортақ шекара байланыстырып жатыр. Екі мемлекет басшыларының басшылығымен соңғы жылдары біздің қарым-қатынасымыздың жаңаша тынысы ашылды. Жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты дамутуға ниетіміз.

Қытаймен арадағы тауар айналым жақын арада екі есе арттыры мүмкін. Былтыр шығыстағы көршімізбен алыс-беріс 41 млрд долларды құраған. Жаңа жобаларды іске асыру үшін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шанхайда қытайдың жетекші компания өкілдерімен кездесті. Олар металлургия, энергетика, машина жасау, көмір химиясы, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және басқа да салаларда жұмыс істейді. Жиында құны 2,5 млрд доллар болатын келісімге қол қойылды. Қазірдің өзінде Қазақстанда 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.    

Ержан Елекеев, «Kazakh Invest» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы:

- Жиынға 30 компания қатысуда. Олардың бәрі дерлік жоғары технологиялық компаниялар. Олардың бірі бізде жүгеріден мал ауруын емдеуге арналған дәрі шығаруды жоспарлауда. Ол дәрі Қазақстанда жасалып, сыртқа экспортталады. Сондай-ақ бидайды терең өңдеп, тамақ қоспаларын әзірлейтін жоба да арнағлан. Ол Ақмола облысында іске асырылады.

Аргулан Майконов, бірлескен жоба жетекшісі:

- Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. «Саран» индустриялық аймағында жүк көліктері мен коммерциялық техника шығаратын жаңа зауыт салынады. Бұл кәсіпорынның арқасында қосымша 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ дәнекерлеу, сырлау үшін жаңа технологияларды аламыз. Жас инженерлеріміз оны меңгеру мүмкіндігіне ие болады.